420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Факторлық-балдық шкала мемлекеттік қызметшінің еңбекке ынтасын арттырады

  • 118
  • UPD: 14:47, 04.09.2020

Ал мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы келер жылдың шілдесінен бастап, факторлық-балдық шкала бойынша төленеді. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгізуді тапсырды. Осылайша мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі мен мотивациясы нығайтылмақ.  Екі жылдан бері Маңғыстау облысында пилоттық жоба ретінде жүзеге асып келе жатқан осындай жүйе өз тиімділігін көрсетті.

Факторлық-балдық шкала бойынша еңбекақы мемлекеттік қызметкердің жұмысының көлемі мен қиындығына байланысты төленеді. Дәстүрлі жалақы төлеуден артықшылығы осында. Бұл қызметкерлердің жұмысқа деген құлшынысын арттырады, дейді мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде еңбек ететін Аида Қуаныш. Бөлім басшысының жалақысы бұрынғыға қарағанда екі есеге өскен. 

Аида Қуаныш, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы:

- Бұл жүйені енгізгеннен кейін жастардың жұмысқа деген ынтасы, талпынысы байқалады деп ойлаймын. Содан кейін әрбір азаматтың әлеуметітк жағдайын көтеруге септігін тигізеді деп ойлаймын. Және басты назарда мемлекет басшысы атап өткендей, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі төмен түседі деп ойлаймын.

 Өңірде пилотты жоба ретінде жүзеге асқан бұл жүйе 2 жылда нәтижесін көрсетті.  

Мемлекеттік қызметтен кетушілердің саны 4 есеге азайған. Бұрындары жергілікті әкімдіктерден өз еркімен кетушілер 7,5 процент болса, бүгінде керісінше мемлекеттік қызметке деген қызығушылық артқан. Ауыл әкімдіктерінде маман тапшылығы жойылды. Мәселен, 2017 жылы 28 бос орын болған, ал биыл 2-ақ орын бос тұр. 

Нұргүл Жанназарова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті басшысы:

- Факторлық балдық шкаланың енгізілуі әсіресе орталық атқарушы органдар мен жергілікті әкімдіктегі қызметшілер арасындағы жалақсы айырмашылығын 70 проценттен 20 процентке дейін қысқартты. Осы факторлық-балдық шкала енгізілгелі бері Маңғыстау өңірінде мемлекеттік қызметтің имиджі артты деп айтуға болады. Оған нақты дәлелдеріміз де бар. Бұрын бір орынға өте аз үміткер болатын, қазіргі күні орташа алғанда 2,5-3 адамдай болып тұр. Ал жекелеген мемлекеттік лауазымды орындарға 10-15 адамға дейінгі үміткерлердің болуы байқалады.  

Сонымен қатар жеке сектордан мемлекеттік қызметке ауысушылар да көбейіпті. 2 жыл ішінде 1200 қызметкер жаңа жүйемен жалақы алған. Ал келер жылы 1 шілдеден бастап олардың қатары 1500-ге артпақ.   

Авторлар: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы