426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арқалыққа қарасты Мирный ауылының тұрғындары қаңырап бос тұрған мектептің бұзылуына қарсы

  • 227
  • UPD: 21:49, 04.09.2020

Мирный ауылындағы мектеп сатылып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арқалыққа қарасты елді мекендегі ғимараттың жаңа иесі оны бұзып тастамақ.  Ғимарат бес жыл бойы қаңырап бос тұрған. Сатылуының себебі де осы. Бірақ ауыл тұрғындары мектепті бұзуға үзілді-кесілді қарсы. 

Ахмет Байтұрсыновтың атын иеленген бұл мектеп 1993 жылы салынған. Бала санының азаюына байланысты бастауышқа айналып, осыдан бес жыл бұрын жабылған. Биыл ғимарат 19 млн теңгеге бағаланып, аукциондық саудаға шығарылыпты. Бірақ мұндай қаржыға өтпеген соң құны төмендеп, Арқалық қаласының тұрғынына 4,5 млн теңгеге сатылған.

Жаңыл Батырғалиқызы, Мирный ауылының тұрғыны:

– Бұзылуына қарсы шықтық. Қағаздарын көрсетті. Сатып алдым деді. Содан әкімдікке бардық, прокуратураға, сотқа бердік.

Нұрлан Қосылбаев, Мирный ауылының тұрғыны:

– Бізде жұмыскерлер бар, мектеп болса, көшіп келеміз деген. Ал мектеп болмаса, қалай көшеді? Балалары өсіп келеді.

Білім бөлімінің басшысы мұндай қадамға амалсыз бардық дейді. Бес жыл бойы бос ғимаратты ұстау тиімсіз екен. Есесіне осыдан 8 жыл бұрын мектепті жабу туралы тұрғындар өздері бастамашы болған. Бұның бәрін қолдағы құжат қағаздарда көрсетілген.

Есламбек Мәметеков, Арқалық қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Біз бұдан зиян шегіп отырмыз. Бүгінгі таңға дейін мектепке 12 млн теңгедей ақша жұмсадық. 4 күзетші ұстадық. Мен мынау құлап жатқан ғимаратты былай ұстай беретін болсам біріншіден бюджетке шығын келтіремін. Өйткені 12 млн деген 5 жылда әжептәуір шығын ғой. Сондықтан біз әкімшілікпен келісіп мектепті сатуға қойдық.

Тұрғындар сатылым туралы өздеріне ешкім ештеңе ескертпегенін айтады. Соның кесірінен олар саудаға қатыса алмаған. 

Есламбек Мәметеков, Арқалық қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Аукцион болғанда біз оны жариялаймыз. Тығып ешкім сата алмайды. Ол порталға шығады. Ол жерден кез келген адам көре алады.

Жеңісбек Дәуғарин, кәсіпкер:

– Аукцион кезінде алдық қой. Ауылдың тұрғындары бәрі біледі аукционға қойылып жатқанын. Білген жоқпыз деп жатыр. Алты адам қатысты. Соның ішінен алып шықтық.

Қазір Мирный ауылында екі оқушы бар. Оның бірі Арқалық қаласында, енді бірі көрші ауылда оқиды екен. 

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Жергілікті шаруалар қосылып сол 4,5 млн теңгеге мектепті сатып алмақшы болған. Ғимаратты қайтарып, ауылға балалы отбасыларды тартып білім ұясын қайта ашпақ еді. Жаңа иесі де бағасына келіссе ғимаратты кері қайтаруға қарсы емес еді. Бірақ сатып аламын деген тұрғындар кейін хабар-ошарсыз кеткен.

Тұрғындар мектепті бұзуға қарсы. Адвокат жалдап сауданың заңсыздығын дәлелдеуге тырысады. Кейін ғимаратты өз меншіктеріне алуды көздеп отыр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы