420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда 100-ден астам құрылысшы жалақысын ала алмай жүр

  • 157
  • UPD: 21:45, 04.09.2020

Қалада көпқабатты тұрғын үй салумен айналысқан компания оларға 86 млн теңге қарыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол ол ма, жұмысшылардың зейнетақы шотына да бір тиын түспеген.

Бұл адамдар – Петропавлдағы ең ірі құрылыс компаниясының бұрынғы жұмысшылары. Қалада бірнеше көпқабатты тұрғын үй салған олар осымен 3 жыл маңдай тер ақыларын ала алмай жүр. Зейнетақы төлемдері де түгел емес. 

Сергей Вдовитченко, қала тұрғыны:

– 4 жыл жұмыс істедім. Осы уақытта зейнетақы шотыма бір-екі рет ақша аударған. Қазір оған 960 мың теңге қарыз. Ал алмаған айлығым – 635 мың теңге.

Елена Мягких, қала тұрғыны:

– Құрылыс компаниясының мүлкі бізбен толық есептесуге жетеді. Қазір қымбат кран, тағы басқа да техникалармен бөгде фирмалар үй салып жатыр. Сот орындаушылардың айтуынша, оларды құрылыс алаңдарына кіргізбеген.

Адал қолдарына бір тиын да тимеген құрылысшылардың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Осыған байланысты еңбек инспекторлары тексеріс жүргізіп, қарызды қайтару туралы нұсқама берген. Бірақ ол орындалмады. Енді бұл іспен сот орындаушылары айналысып жатыр.

Арман Құсанов, аймақтық жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары:

– Қазіргі таңда 11 млн теңгеден астам қарыз өндірілді. Сонымен қатар серіктестіктің меншігінде 6 жер учаскесі мен 4 пәтер бар екені анықталды. Жер учаскілері 2 рет аукционға қойылып, сатылмады. Пәтерлер бойынша да сотқа өтініш берілді.

Екі жер учаскесін қалалық әкімдік сатып алып, жұмысшылардың жалақысын жаппақ болған. Бірақ тараптар өзара келісе алмады.

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

– Серіктестік директоры тәуелсіз бағалаушылар берген сомаға келіспеді. Сондықтан сұрақ қиындай түсті. Қазіргі таңда жер учаскілерін сатып алып, жұмысшылардың қарызын жабуды қарастырып жатырмыз.

Енді шенеуніктер бұл жерлерді мәжбүрлеп сатып алуы мүмкін. Бірақ олармен құрылыс компанияның директоры келіспей отыр. Оның өз уәжі бар.

Александр Авдеев, құрылыс компанияның бас директоры:

– Қалалық әкімдік бұл жерлерді өте арзан бағалап отыр. Оларды бірнеше есе қымбатқа сатуға болады. Қазір біз құрылыс бөлімін 218 млн теңгеге сотқа бердік. Ал техникаларымызды басқа фирмалар заңсыз иемденіп алған.

Қазір құрылыс компаниясы жұмыс істемейді. Олар 124 адамға қарыз.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы