421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында 25 елді мекен интернет жүйесіне қосылмаған

  • 214
  • UPD: 22:02, 04.09.2020

Биыл Атырау облысы бойынша 196 мектепке 134 мыңнан астам оқушы баруға тиіс болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір олардың 82 мыңы қашықтан оқиды. Бірақ ата-аналар кейбір аймақтарда интернет жүйесінің әлісіздігі мен компьютерлердің жеткіліксіздігі салдарынан оқушылар толыққанды білім ала алмайды деп алаңдап отыр.

Жаңа оқу жылына мұнайлы өңір айтарлықтай дайындықпен кірісті. Әсіресе, қашықтан оқытуға ерекше көңіл бөлінген. Үйден білім алатын балалар үшін 15200 компьютер берілді. Тамыз айындағы есеп бойынша 16 мың 346 отбасында компьютер жоқтығы анықталған еді. Оларды оқу жүйесіне қосуға республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Осылайша, қашықтан оқитын 82 мың оқушы білім бастауына қосылуы тиіс. Ендігі мәселе – интернетпен қамту. Орталық жүйеге қосылмаған ауылдарда жағдай көңіл көншітпейді.

Аслан Телемгенов, Еркін қала ауылының тұрғыны:

– Біздің өзімізде интернет жүйесі жоқ. Модем арқылы оқып жатырмыз. Модем арқылы интернет әлсіз, жылдамдығы аздау. Балалардың оқуына кедергі боп тұр. Олар оқып жатқан кезде желіден шығып кетеміз. Бірақ соның өзінде қиындық тудырып тұр. Айына 6 мың теңге төлеп тұрмыз. 

Біз аралап көрген мына мектеп-лицейде 400 ден астам оқушы бар. Оның 352-сі қашықтан оқиды. Мектеп әкімшілігі қолда бар 54 компьютерді таратып беріпті. Сұраныс болса, қалалық білім бөліміне тапсырыс беруге болады екен. Ендігі мәселе: интернет жүйесімен қамту. Жаңадан бой көтерген қала іргесіндегі ауылдарда ғаламтормен қамтитын компаниялардың жұмысы сын көтермейді. Салдарынан мыңдаған ала оқу жүйесіне қосыла алмай отыр.

Сатқан Есенғалиев, облыстық білім беру басқармасының басшысы:

– Әсіресе, қаланың өзінде 25 жаңадан бой көтерген елді мекен бар. Оның да мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Интернеті жоқ елді мекендерге оқитын балаларға роултерлер алып беру арқылы 3000 үстінде роултерге тапсырыс беріліп, қазір мектептерге таратылуда.

Бүгінде Атырау облысы бойынша орта білім беретін барлық оқу орындары жұмыстарын бастап кетті. Ауылдық мектептерде дайындық ерте басталғандықтан, сабақ жүйелі жүруде. Тек Қызылқоға ауданында екі мектеп және қаладағы 25 елді мекендегі білім ордаларында интернет жүйесінің нашарлығы қол байлауда. Бұл проблема алдағы екі аптада шешімін табады деп сендірді білім басқармасындағылар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы