426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» жобасы іске қосылды

  • 186
  • UPD: 23:02, 04.09.2020

Енді Қарағанды облысының мемлекеттік мекемелерімен қатар білім орындарының бюджетінің атқарылуын кез келген адам өз бақылауында ұстай алады.

Бұл мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына және органның қызметіне деген сенімді арттыру мақсатында жасалып отыр. Ол үшін аталған ғимарат маңдайшасына барлық ақпарат сақталған QR-код қойылған.

Қарағанды облысының серіктес Саран қаласындағы нөмірі бірінші мектеп-лицейі соңғы 3 жыл бойы жөндеу жұмыстарынан көз ашқан жоқ. Алдымен шатыры, кейін қас беті түгел ауыстырылған. Биыл білім мекемесінің жылу жүйесі толық жаңартылды. Ал аталған шығындардың барлығы пилоттық жоба ретінде мына маңдайшадағы QR-кодқа қолжетімді ақпарат болып енгізілген.

Татьяна Романюк, Саран қаласы № 1 мектеп-лицейінің директоры:

– Жөндеу жұмыстарына өте үлкен қаржы бөлінгені рас. Бұл кей адамдардың көкейіне күмән тудырады. Осындай сұрағы болса келсін де көре берсін. Өте ыңғайлы. Тіпті ата-аналар арасында белсенді адамдар болып, бізге белгілі бір құрылыс заттарын арзанға тауып беріп көмектесіп жатса ол нұр үстіне нұр болар еді. 

Осы жылдың қортындысы бойынша аталған картаға 2 705 ұйымның 419 млрд теңгеге жуық бюджеті туралы ақпараты енгізілген. Бұл бастамаға мұрындық болып отырған «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері аталған шара жемқорлық тәуекелдерін азайтарына сенімді.   

Малика Күсенбаева, «Сарыарқа - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Бұл мектептің жөндеу жұмыстарының аяқталу уақытын, қанша қаржы кеткенін ашық көрсетеді. Ал келіспейтін тұстары я болмаса сәйкес келмейтін жайттар анықталса, онда бірден сонда өтініш қалдыра алады. Ал күмәнді операцияларды байқаса, 1424 қысқа нөміріне хабарласса болады.

Ашық бюджеттің интерактивті картасы бірінші тоқсанның аяғына дейін облыстың барлық білім беру ұйымдарында, артынша барлық мемлекеттік мекемелердің маңдайшасына орнатылады. Ал ондағы ақпараттың жаңартылып отыруын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент өкілдері жіті бақылап отырмақ.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы