426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы шалғай жатқан ауылдар 4G желісіне қосылды

  • 153
  • UPD: 23:16, 04.09.2020

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақтелеком» АҚ алыс ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желісін тартса, еліміздің Tele2/Altel ұялы байланыс операторлары базалық станцияларды жаңартқан.

Екі жақты бірлескен жобаның арқасында интернетті қайта форматтаудың техникалық мүмкіндігі туды.

Мамайыт Омаров ауылында бұрын 3G форматындағы мобильді интернет қолданыста болды. Талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылғаннан кейін Tele2/Altel ұялы байланыс операторы ауылдағы станцияны жаңартып, 4G LTE желісін іске қосты.

Болатбек Толқынов, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС бас техникалық директоры:

– Бұл шамамен 2 шақырым периметрлік жер. Мұнда 1200-1300 адам тұрады. Оқушылардың қашықтан кедергісіз оқуына жағдай жасалды.

Оқушылар былтыр төртінші тоқсанды қашықтан оқыды. Интернет жылдамдығының төмендігі білім сапасына кері әсер етті. 

Бижамал Ақтаева, мектеп директоры:

– Өте қуанышты күн. Бүгін «Қазақтелеком» 4G желісін қосып отыр. Төртінші тоқсанды өткен жылы оқыған кезде қашықтан көптеген қиындық болды. Ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы ризашылығын білдіреді.

«Қазақтелеком» ұжымы мектепке жоғары жылдамдықты интернетпен қатар интерактивті тақта және модемдерді сыйға тартты. Жалпы облыс бойынша 29 ауыл мен 113 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған.

Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

– Бір мыңдай шақырым кабель салдық. Соның ішінде ауылды мекенді бүгін қосып жатырмыз. Тағы да мобильді интернетке 250 ауылды қосу бойынша 4G базалық станциясын қосып жатырмыз. Біздің оператор Altel/ Tele2 сол мобильдік қызметін бүгін қостырды.

Модернизациядан кейін 4G LTE байланыс желісі бәріне бірдей қолжетімді болмақ. Ал абоненттер деректерді 10 есе жоғары жылдамдықпен таратады. «Қазақтелеком» АҚ мен Павлодар облысы әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осылайша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тың жобалар жүзеге асырылады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы