424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Орал іргесіндегі Круглоозерное ауылында балабақша дауы бітер емес

  • 221
  • UPD: 23:37, 04.09.2020

Орал қаласының іргесіндегі Круглоозерное ауылында балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту мәселесі ушығып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекенде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа балабақша салынса да, әлі күнге дейін жұмысын бастамаған. Ал бүлдіршіндер мектептің бір жақ бөлігінде жасақталған орталыққа барып жүр.

Айман Ищанованың екі қызы да балабақшаға барған емес. Сондықтан мектеп алды даярлық тобына ерте беруге тура келген. Себебі жұмыс басты ата-ананың басқа амалы болмаған.

Айман Ищанова, Круглоозерный ауылының тұрғыны:

– 2016 жылғы 4 жастағы қызым әлі күнге дейін балабақшаға бара алмай отыр. Осы ауылымыздағы мектепке қарасты шағын орталыққа тіркеліп, жақында жолдама алған болатынбыз. Онымен қуанышымыз ұзаққа бармады. Өйткені әлі де ол шағын орталықтың ашылу-ашылмауы бізге беймәлім болып отыр.

Қаладағы шағын орталықтар да жұмысын тоқтатқан. Себебі олар орналасқан ғимараттар тиісті талапқа сай болмай шығыпты.

Батиқа Пайдина, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

– Шағын орталықтары бар қаладағы мектептердің басты мәселесі – өрт қауіпсіздігіне қатысты ережелерге толық сәйкес келмеуінде болып тұр. Қазір біздің мекеме кезекші топтар ашуға ұсыныс жасап отыр. Оларда өзіндік талаптар болады.

Алайда шағын орталықтар ашылғанның өзінде мәселе өзекті күйінде қала бермек. Себебі ауыл тұрғындарының саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ал балаларға арналған орын жоқтың қасы. Круглоозерныйда типтік үлгідегі балабақша салынбаған. Мемлекет меншігіндегі жалғыз балабақша мектепте орналасқан.

Аслан Шахаров, Круглоозерный орта мектебінің директоры:

– Бізде оқу кабинеттері аз. Өйткені бірінші қабатта 50 балаға арналған шағын орталық және балабақша орналасқан. Ауылымызға әлі де мектепке дейінгі ұйым керек. Бала саны көп. Ал екінші және үшінші қабаттарда оқушылар білім алып жатыр.

Бір қызығы, бұл ауылда барлық жабдықтармен қамтылған балабақша бар. Ескі ғимаратты жөндеп, қайта жарақтандырған жергілікті кәсіпкер құжаттарын да дайындап қойған. Алайда ғимарат әлі бос тұр.

Хайролла Тәкешев, құрылыс компаниясының өкілі:

– Құжат толығымен дайын. Қаланың екі әкімі келіп көріп кетті. Ешкім жоқ деп айтпайды. Заң бойынша да жоқ деп айта алмайды. Бірақ бюджеттен ақша қарастырылмай жатыр, жетпей жатыр дейді. Біз бұларға неше түрлі ұсыныс тастадық. Біз оларға толық соманы бір күнде әкел деп жатқанымыз жоқ. 5 жылға бөліп беріп отымыз. Жыл сайын шешіледі дейді. Бірақ ешқандай шешімін көріп тұрған жоқпыз осы күнге дейін.

Бүгінде жаңа балабақшаның құрылысы басталған. Алғашқыда мемлекеттік жекеменшік әріптестігі аясында бастау алған. Алайда қолға алған істі кәсіпкердің өзіне аяқтауға тура келіп тұр. Оның айтуынша, өңірде бағдарламаны іске асырудың тетігі жетілдірілмеген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Роза Сатканова, Руслан Газезов

Хабар 24 телеарнасы