426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жүгіруден онлайн марафонға қалай қатысуға болады?

  • 150
  • UPD: 15:34, 05.09.2020
Жүгіруден онлайн марафонға қалай қатысуға болады?

Елорданың орталық саябағында жүгіруден онлайн марафон басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

5 шақырымдық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен кез келген адам қатыса алады. Марафон ертең де жалғасады. Ал, оған қалай қатысуға болады?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Елорданың орталық саябағында өтіп жатқан марафонға қатысу үшін бұл жерге ат терлетіп келудің еш қажеті жоқ. Еліміздің кез келген жерінде, кез келген уақытта осы марафонға қатыса аласыз. Тек денсаулығымды нығайтамын деген ниет болса болғаны.

Иә, 5 шақырымдық марафонға қатысам десеңіз, онлайн тіркеуден өтуіңіз қажет. Ол үшін алдымен Strava ұялы қосымшасын жүктеп, орталық саябақтың Инстаграм парақшасы арқылы марафонға қосылуға болады. Челлендж туралы хабарды ести сала, спортқа жаны жақын жастар Орталық саябаққа ағылды.

Юлия Куриян, онлайн марафонға қатысушы:

- Бізде челлендж-марафон өтіп жатқаны жайлы және ондағы қашықтық небәрі 5 шақырым екенін достарыма хабарладым. Кей адамдар үшін 5 шақырымды жүгіріп өту ауыр көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде олай емес. Осыған көз жеткізген адамдар кейін 10-20 шақырымға жүгіруге дайындала бастайды.

Асылхан Қонысбай, марафонға қатысушы:

- Жүгіру де адамға мотивация жасайды. Күш береді, қайрат береді. Өзің жүгіргенмен де, қасыңдағы адамдарды көріп, кішкентай балаларды көріп, велосипедпен жүрген үлкен кісілерді көріп, бізге, жастарға мотивация, күш-қайрат энергия береді. Бұл өте керемет.

Кәсіби спортшылар да марафоннан шет қалған жоқ. Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова спортқа енді ғана ден қойған жастарға қолдау көрсетуге келді.

Ольга Рыпакова, Лондон Олимпиадасының чемпионы:

- Әрине, біз қуанамыз, себебі жүгІруге мүмкіндік туды. Шынын айту керек, спортшылар тіпті сыртта жаттыға алмайтын жағдайда болды ғой. Пәтер ішінде жүгіргендерді де білеміз. Енді міне, марафонға қатысып, солығын бір шығаруға мүмкіндік алғандай. Әлемдік пандемия талай жарысқа тұсау болды ғой. Әйтпесе, қазір де Қазақстанның көптеген жерлерінде жұрт жарысқа түсуші еді.

Онлайн-челлендждің орталық саябақта ұйымдастырылғаны тегін емес. Биыл саябақ толықтай аббаттандырылып, жаңғыртылған.

Берік Жәкенов, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімі:

- Індет кезінде таза ауада спортпен шұғылданудың қажеттілігін айқындап берді. Халықтың осы сұранысын ескере отырып, карантин кезінде орталық саябақта тездетіп жүгіруге арналған жол төседік. Оның ұзындығы 3,5 шақырым. Енді бұл саябақта спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған.

Еліміздің түкпір-түкпірінен онлайн марафонға қанша адам үн қосқаны белгісіз. Белгілісі – бұқаралық спортқа баулитын шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Авторлары: Бахыт Топтаева, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы