420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақсу қаласына биыл тағы ескі қазандықтан жылу таратылады

  • 170
  • UPD: 22:11, 05.09.2020
Ақсу қаласына биыл тағы ескі қазандықтан жылу таратылады

Қыс қыр астында тұр. Енді бір жарым айдан кейін жылыту маусымы басталады. Ал Ақсу қаласы биыл да ферроқорытпа зауытының тозығы жеткен қазандығымен жылытылмақ. Өйткені осыдан екі жыл бұрын салынған жылыту қазандығын іске қосуға мүмкіндік болмай тұр. Қаржыландыру тоқтап қалған.

Бұл отбасы өткен жылы Алматы облысынан көшіп келіпті. Зайыбы Ақерке балабақшаға жұмысқа орналасса, Қайнар жеке кәсіпкерлікке ден қойған. Жастар тапқан табысының бір бөлігін пәтерге береді. Жергілікті билік жаңадан салынып жатқан ықшам ауданнан үй береміз деп уәде беріпті.

Ақерке Мұқан, Ақсу қаласының тұрғыны:

- Біз көптеген мақсатпен келдік. Осында жаңа бағдарлама бойынша, жаңағы диплом бойынша үй беріледі дегеннен кейін соған сеніп біз осында келдік. Міндетті түрде үй аламын деп сенемін. Өйткені барлығы жан-жақтан қолдау көрсетіп, жас демей бізді көп қолдау көрсетіп жатыр.

Құрылысы жүріп жатқан бұл үйлерге өзге өңірлерден көшіп келгендер қоныстанады. Қазір екі пәтерлі 32 үй салынып жатыр. Құрылысы аяқталған үйлердің кілтін тапсыру қыркүйек айына жоспарланып отыр. Қалғаны жыл соңына қарай беріледі. Дауыт Әбілжапаров көп салалы колледжде еңбек етеді. «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған ол, Ақсу қаласына 2016 жылы келіпті. Отбасын құрған жас жігіт әзірге студенттік жатақханада тұрады.

Дауыт Әбілжапаров, шебер:

- Жақында үйленіп, отбасын құрдық. Екеуіміз де осында қалғымыз келіп. Ұнады, жағдай жасалған. Кез келген адам армандайды ғой жаңа үй алуға. Жаңа отбасын құрғаннан кейін.

Өткен жылы шағын ауданнан көп балалы отбасыларға арендалық үй берілді. Олар 14 мың теңге төлейді. Жаңа үйлерге барлық коммуникация жеткізілген. Тек көшелерге жарық беретін шамдар орнатылмапты. Жолдарға асфальт төселсе жақсы болар еді дейді тұрғындар.

Майгүл Қасымова, Ақсу қаласының тұрғыны:

- Тұрмысымыз жақсы енді. Ұнады бізге. Енді мәселе бізде жол ғана. Жаңбыр жауса тек батпақ, жүре алмайды балалар сабаққа барамыз міне. Жұмысқа шыға алмаймыз батпақтап. Ең бастысы, свет пен жол керек.

Жергілікті билік бұл мәселеге шағын аудан толық салынып біткенде ғана кіріседі екен. Ал қаланың жаңа қазандыққа қосылмау себебін қаржының жоқтығымен байланыстырады.

Төлеухан Мұздыбаев, Ақсу қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі:

- Әлі  750 миллион  тенгеге жуық қаржы керек. Биыл түзетулерді алдық. Бірақ қаржы қарастырылмаған. Сондықтан қазандықты іске қосу жұмыстарын келесі жылға қалдыруға шешім қабылдадық.

Жаңа қазандықтың құрылысы аяқталған. Енді көмір тасымалдауға арналған қосымша темір жол желісі қалыпты. Айналасын абаттандыруға да біраз қаражат керек.

Әділбек Серғалиев, мердігер ұйымның күрделі жөндеу жөніндегі директоры:

- 100 процент дайынбыз деп айта аламын. Жобаны толық аяқтау үшін қосымша қаржы бөлінуін күтіп отырмыз.

Қазандық қуаттылығы 180 гигаколориялық алты қазаннан тұрады. Бұл Ақсу қаласы тұтынатын жылу қуатынан едәуір көп. Бүгінде шағын қаланың жылуға сұранысы 110 гигаколорияны құрайды. Оны Ақсу ферроқорытпа зауытынан алады. Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында монақалаларды дамытуды тапсырды. Қаланың тынысын кеңейту үшін атқарар  шаруалар шаш етектен. Ақсу қаласында кадр тапшылығы да айқын сезіледі. Бұл мәселені шешу үшін халық тығыз орналасқан өңірлерден жас мамандарды тарту көзделіп отыр

Гүлнәр Асылбекова, Ақсу қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Ақсуда 88  кәсіби білікті маманға сұраныс бар. Олардың кейбіріне сол көшіп келген адамдарды орналастырамыз. Бізге білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы саласына мамандар керек.

Жыл соңына дейін Ақсуға  еліміздің оңтүстік өңірлерінен 100 шақты отбасы қоныс аударады. Оларға орталық жылу жүйесіне қосылған екі пәтерлі 40 үй салынып жатыр.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы