420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық жас шебер алып мүсіндерді жасап жүр

  • 154
  • UPD: 09:42, 06.09.2020

Маңғыстаулық жас шебер Болатбек Салаев берік әрі жеңіл материалдан алып мүсіндерді жасайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

29 жастағы сәулетшінің қолынан шыққан ескерткіштердің бірі өзі туып-өскен Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында тұр. «Анаға тағзым» атты биіктігі 6 метрлік мүсін қойылған көше туристер мен тұрғындар жиі баратын сүйікті орнына айналған.

Құрылысына пластик материал қолданылған ескерткіште ананың кекілді ұлға деген мейірімділігі анық бейнеленген. Жас шебер осы бейне арқылы қазақ әйелінің мейірімділігін, биязылығын көрсетуді ойлапты. Ақ жаулықты ана үстіндегі киім-кешек үлгісі, ондағы ою-өрнек еліміздің батыс өңірлеріне тән екендігін бірден байқайды. Қазір Болатбек елордада Абай Құнанбайұлының мүсінін жасап жатыр. Қызу жұмыс үстіндегі жаспен бейнеқоңырау арқылы тілдестік.

Болатбек Салаев, сәулетші:

- Тапсырыс әр облыстан келеді. Айтқан талаптарын орындап жүрміз. Болашақта үлкен жұмыстарды жасау ойымда бар. Ал енді мүмкіншіліктер болып жатса, Ақтауға да барып жалғастыруға болады.

Болатбектің қолөнерге бейімділігін жақындары оқушы жасынан байқапты. 1-сыныпта оқып жүрген кезінде алюминий сымнан әртүрлі бұйым жасап, ауылдастарын таңдай қақтырды. Қағазға салған суреттері балалар журналына үнемі жарияланып тұратын дейді ата-анасы. Дарынды жас республикалық өнер фестивалінде бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.  

Еркебай Ерғалиұлы, Б.Салаевтің әкесі:

– Қолына қысқышты алып неше түрлі фигураларды жасайтын. Арба жасап оны атқа жегіп, түрлі велосипедтерді жасайтын сымнан. Сонда ойлайтын едім, осы баладан түбінде бірдеңе шығады-ау деп. Мектеп жасымда түрлі үйірмелерге қатыстым. Сурет салумен өзім де айналыстым.

Бақтыгүл Ақмұрзаева, Б.Салаевтің анасы:

– Бірталай суретті салған соң «Айгөлек» фестиваліне екі жыл қатарынан шақырылып, сол жақтан бас жүлдені алып жүрдік. 9-сыныпты бітіріп, өзі Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы өнер колледжіне түсіп, оқуын жалғастыруды бастады.

Болатбектің қолынан шыққан сәулет мүсіндері еліміздің бірқатар қаласында да орын тепкен. Талантты жігіт қазіргі уақытта Нұр-Сұлтандағы шағын шеберханада ірілі-уақты тағы бірнеше ескерткіш жасауды қолға алған. Келешекке жоспары – Маңғыстау өңірінде кәсібін жалғап, шәкірт тәрбиелеу.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы