426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы жәрмеңкеде жомарт кәсіпкер өз өнімін халыққа тегін таратты

  • 255
  • UPD: 13:28, 06.09.2020

Елордалықтар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен керегін алып, себетін толтырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешелі бері Түркістан және Алматы облыстарынан әкелінген өнімдер кәдімгідей сұранысқа ие. Ұйымдастырушылардың айтуынша, баға нарықтан арзан. Ал тұтынушылар не дейді?

Елордада екінші күн қатарынан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Жарты жылдай карантинде отырып, әбден зеріккен халық үшін бұл нағыз мереке іспетті. Арзан бағаға табиғи таза өнім алып, бастысы, ауыл халқымен дидарласу, расында, бұл уақытта үлкен бақыт.

Қос өңірден әкелінген 800 тонна өнімді көпшілік қуана-қуана алып жатыр. Алғашқы күні-ақ тауардың 70 проценті сатылып кеткен. Өйткені бағасы нарықтан 10-15 процентке арзан болды. Ал бүгінгі көрініс сәл басқаша.

Жадыра Бұлұт, қала тұрғыны:

– Кешегі алған тауарларымды бүгін қарасам, қымбаттап кеткен. Бұл сұмдық қой.

Қоғамдық көліктердің тоқтап тұрғанына қарамастан, амалын тапқан халық жәрмеңкеге асығып жатыр. Сақтықта қорлық жоқ. Дегенмен көпшілікке санитарлық талаптарды орындау ыңғайсыз сияқты. Ұйымдастырушылар жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтады.

Қанат Есболатов, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Карантиндік талаптар сақталып жатыр. Бәрінде бетперде, антисептик, қолында қолғаптары бар.

Айтпақшы, күздің суығында көл-көсір өнімін елордалықтарға тегін таратып жатқан кәсіпкер де табылды.

Сосо Әбдіжәмілов, кәсіпкер:

– Өзімнің жылыжайым бар. Үкіметтен ақша алғанмын. Шүкір, бәрі жақсы. Халыққа көмегімізді беріп отырмыз.

Жәрмеңке жалғасады. Келесі демалыста Батыс Қазақстан мен Жамбыл облысының ауыл шаруашығы өнімдері көпшілікке ұсынылады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы