420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да жалпы аумағы 500 мың шаршы метрге жуық үй тапсырылады

  • 201
  • UPD: 17:38, 06.09.2020

Бұдан өзге Ақ Жайық өңірінде осы жылы жеке тұрғынжай салуға 800-ден астам жер телімі бөлінбек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен бұл да аздық етеді. Мамандар мұның себебін инженерлік желі тартудағы қаржы тапшылығымен байланыстырып отыр.

Бүгінде 103 мыңнан астам батысқазақстандық жеке үй салуға берілетін жердің кезегінде тұр. Соның 72 мыңы – облыс орталығының тұрғыны. Жерге деген сұраныс жылдан жылға артып келе жатқанымен, биыл 800-ден астам жер телімі ғана беріледі. Себебі инженерлік желі тартуға 3,5 миллиард теңгедей қаржы бөлінген. Ал жарық пен су құбыры жүргізілмеген жер телімдерін үлестіру заңсыздық болып есептеледі.

Қайрат Досанов, БҚО құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

– Жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдерін беру үшін бюджет қаржысы есебінен онда инженерлік желі тартылады. Ең кем дегенде жарық пен суы болуы тиіс. Содан кейін ғана жергілікті атқарушы органдар ол жер телімдерін кезекте тұрған адамдарға бере алады.

Өңірде әзірге 2 мыңнан астам жер телімі әзірленуде. Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны 25 мыңнан асты. Олардың арасында өткен ғасырдың 80 жылдары кезекке тұрғандар да бар. Ондай азаматтарға «5-10-20» бағдарламасымен үй сатып алуға кеңес берілген. Банктің мақұлдауынан өткендердің саны – 14 қана.

Әрсен Жасталап, энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:

- Облысымызда ТҮҚЖБ сайтына 756 өтініш түссе, оның ішінде 141 адам осы аталған жыл аралықтарына жатады, оның ішінде 84 адам өтініш берсе, оның 65-і банктің филиалына жолығып, 14-і банктің оң ұйғарымын алды. Қазіргі таңда 14 адам 166 млн теңге көлемін құрайтын банктің ұйғарымын алды.

Батыс Қазақстан облысы жыл аяқталғанша құрылысқа бөлінген 30 млрд теңгені игеруі тиіс. Жақында Орал қаласының 117 тұрғыны жаңа пәтерлердің кілтін алды.

Самиғолла Төлеуғалиев, қала тұрғыны:

– Осындай қуанышты күнде кездесіп жатқанымызға рақмет. Бұл балаларға, жастарға деген үлкен көмек, болашақта осындай игі істер жалғаса берсін.

Биыл Ақ Жайық өңірінде жалпы аумағы 500 мың шаршы метрге жуық үй тапсырылады. Жергілікті атқарушы билік инженерлік желі тартуға инвестор іздестіруі керек. Көптеген отбасы арендалық төлемнің мемлекет тарапынан субсидиялануын күтіп жүр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Ботагөз Базарбаева, Болат жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы