420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында құнарсыз жайылымдық жерлер қалыпқа келтірілмек

  • 193
  • UPD: 18:30, 06.09.2020

Қарағанды облысында мал жаюға жарамсыз болып қалған алқаптар қайтадан қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пилоттық жоба аясында елді мекендердің айналасына көп жылдық шөп егілмек. «Тыңайған жерде кемі 5-10 жыл бойы көгал жайқалып тұрады»,- дейді агрономдар. Жобаның құны қанша, пайдасы қандай?

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Тілеуғабыл Аманбайұлы 20 жылдан бері жылқы бағады. Осы аралықта жайылым жер көз алдында тарылыпты. Алдымен біреуі егін салған, тағы бірі жерді меншіктеп алған, енді бірі құнарсыз болып кеткен. Салдарынан сәйгүліктерді бағатын сай-сала қалмай қалудың аз-ақ алдында тұр. Мал егінге түссе, айыппұлы тағы бар.

Тілеуғабыл Жәкенов, жылқышы:

- Жер болмаған соң мал баға алмай қиналып жүресің. Айыппұл салады. Енді бір рет түскенде бір 30 мыңдай айыппұл ұстаған. Енді бұл малға да, қара малға да жақсы болар еді. Сүт көбейіп, қаймақ болады.

Алқаптарды қалпына келтіру жұмыстары жылдар бойы мал таптап, табиғи жаңару қабілеті жоғалған жерлерде жүргізіледі. Алдымен әр ауданда 1000 га жайылым жер қамтылады. Облыстағы үй жануарларының 40%-і жеке қолда екенін ескерсек, бұл малмен күнелтіп отырғандар үшін тиімді болмақ.

Сырым Бошпанов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Тозған жайылым жерді қалыпқа келтіру бойынша бүгінгі күні Бұқар жырау ауданында 3 елді мекенде 500 га жер қалыпқа келтірілді. Тыңайтқыштар сеуіп, эспарцет пен житняк сынды көп жылдық шөп егілді. Енді қалған жұмыстар егін ору науқаны біткен соң жалғастырамыз деп отырмыз.

Биыл екі мың гектар жерді тыңайтуға облыс есебінен 94 миллион теңге бөлінген. «Бұл қаржы атқарылып жатқан жұмысқа аз», дейді агрономдар. Оның үстіне конкурс өткізу, шөп егушілерді анықтау сынды бюрократиялық шаралар салдарынан уақыт өтіп кеткен. Енді көктемде атқарар жұмысты күзде жүргізуге тура келеді.

Николай Ющенко, агроном:

- Бұл жұмыс барысында зиянды өсімдіктерді, көп жыл бойы қалып қойып, зәһәрланған шөптерді жою жұмыстары қатар жүргізіледі. Облыстың барлық өңірлерінде топырақ қабаты әбден тозған. Сондықтан алдағы уақытта жағдай тіпті қиындай түсуі мүмкін. Сондықтан әр жыл сайын ең болмаса осылай 2 мың гектардан қалыпқа келтіріп отыру керек.

Мамандардың айтуынша, облыс бойынша құнарсыз, тозған жерлердің үлесі 1,5 миллион гектардан асып кеткен. Сондықтан алдағы уақытта облыстың Бұқар жырау, Ақтоғай аудандарынан өзге Нұра ауданындағы құнарсыз жерлерге шөп егіледі.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы