421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мақтааралдықтарды кәсіпке баулу шаралары қолға алынды

  • 407
  • UPD: 19:08, 06.09.2020

Тасқыннан зардап шеккен мақтааралдықтарды кәсіпке баулу шаралары қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баспаналары мүлдем жарамсыз боп қалған Жаңатұрмыс, Жеңіс және Достық ауылдарының тұрғындары үшін Мырзакенттің маңынан жаңа шағын аудан бой көтерген еді. Онда 386 жаңа баспана салынған. Үй-жайы мен қора-қопсысынан түгел айырылған ауыл тұрғындары мұнда қалай күн көреді? Оларға қандай көмек көтсетіледі?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Су тасқынынан Мақтааралдағы бес ауыл қатты зардап шекті. Жаңатұрмыс, Жеңіс және Достық елді мекенінің тұрғындарын көшіру үшін жаңа мөлтек аудан салынды. Ал, Өргебас пен Фирдоуси ауылындағы 509 үйдің тұрғындарына 17 млн теңгеден қаржы бөлінді. Олар сол ақшаға өздері үй салып алуы керек еді. Айта кетейік, қаржы ауыл тұрғындарының қолына бірден тұтас берілмеген. Себебі, ақшаны алғаннан кейін кейбіруі жаратып қойып, ертең үйсіз қалуы да мүмкін. Соны ескерген жергілікті билік баспана салып, төбесін жабу үшін тұрғындарға алдымен аталған қаржының 50%-ін төлеген. Қалғанын кейін үйдің ішкі жұмыстарына берген. Қазір Өргебас пен Фирдоуси жаңа кейіпке еніп, құрылысы қайнаған ауылға айналған. Жүзге жуығы жаңа баспанаға кіріп те үлгерген.

Жамила Сапарова, Өргебас ауылының тұрғыны:

- Көріп тұрсыңдар, осыншалықты халық үйлерін жақсы істеп жатыр. Рахмет Үкіметке, барлық халыққа көмек берді. Енді мына сылақшы болса, үйіміз бітіп, кіреміз деген ниеттеміз.

Қаламқас Аманқұлова, Өргебас ауылының тұрғыны:

- Ақшаларымызы алдық, 50%-ін алдық, 25% тағы алдық. Енді 25%-і қалды. Соны алсақ, үйіміз түгел бітіп, үйге кіріп аламыз. 8-9 бөлме бар. Өзімізге лайықтап салдық.

Ал, Мырзакенттегі жаңа мөлтек ауданға көшірілетін үш елді мекеннің тұрғындары үшін салынған 386 жаңа баспана дайын тұр. Біркелкі салынған үйлер көзге де, көңілге де жарасымды. Бірақ ауылда тұрғанда мал өсіріп, егін еккен ағайын мұнда келгенде немен айналысады? Қол қусырып, үйде отырып қалмай ма? деген сауал көптің көкейінде жүргені рас. Бірақ өңір басшылары оның да жолын тапқан сыңайлы.

Ақбаян Жақыпова, жоба үйлестірушісі:

- Олар үйлеріне келген кезде қосалқы бір шаруашылығы болу үшін барлығының есінің алдына тауық қора салынады. Сосын 100 тауық беріледі. Оларың жем шығаратын аппаратына дейін беріледі. Біздің өңірімізде 2-3 өнім алуға болады. Сондықтан барлық үйдің есігінің алдына тамшылатып суару жүйесін қойып береді. Мысалы, биыл күзде кірген күнде де сарымсақ егіп, көктемге дейін бір өнім ала алады.

«Еңбек» бағдарламасы арқылы осы су басқан елді мекендердегі мың әйел қайта оқытылып, сертификат алып шыққан. Оларға да 550000 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грант берілмек. Бұдан бөлек, жаңа шағын ауданда саябақ, мектеп, балабақша мен дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр.

Бақыт Асанов, Мақтаарал ауданының әкімі:

- Әр үйге керекті инфраструктура қатар жүріп жатыр. Ауыз сумен қамту, канализациясы бар. Осының бәрін қазан айының басында бітіріп, Достық, Жеңіс, Жаңатұрмыс елі мекендерінің тұрғындарын үйге кіргіземіз. Фирдоуси мен Өргебаста қарқыны жұмыс жүріп, оларда қазірен бастап үйлеріне кіріп жатыр.

Жалпы Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарының барлығы қазан айында толық өз үйлеріне қоныстанады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы