421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда ЭКҰ кезегіндегілер Жолдаудағы бастаманы қуанышпен қарсы алды

  • 125
  • UPD: 10:42, 07.09.2020

Ақмола облысында 677 отбасы жасанды ұрықтандыруға квота алу үшін кезекте тұр. Президенттің Жолдауда айтқан жағымды жаңалығы оларға оң әсер етті. Себебі келесі жылдан бастап жеңілдік жеті есеге дейін көбейеді. Дегенмен, оған дейін саладағы түйткілді мәселелерді шешу қажет, дейді әйелдердің мәселесімен айналысып жүрген қоғам белсенділері.

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Асыл аналар» атты қоғамдық бірлестік құрған көкшетаулық Анаргүл Мұхамедрахымова, қазір тек көп балалы аналардың емес, бала сүю бақытына қол жеткізе алмай отырған нәзік жандылардың да мәселесін көтеріп жүр. Айтуынша, квотаның көбейгені жақсы. Алайда алдымен оны алу жолындағы көптеген кедергілерді жою қажет. 

Анаргүл Мұхамедрахымова, «Асыл аналар» ҚБ құрылтайшысы:

- Гормоналды терапия Қазақстанда өте қымбат. Дәрі-дәрмек алу үшін көбілері, мысалы, мен білетін әйелдер, Ресейден алып жатыр. Осы экстракорпоральді ұрықтандыру алдында әйелдерге бір жеңілдік жасаса. Дәрігерлер сол ақпаратты түсіндіріп берсе, қазірден бастап. Неге десеңіз, қаңтар айында мысалы, әйелдер сол бағдарламаға барамыз деген кезде көп мәселелермен кездеседі. 

Айта кетейік, экстракорпоральді ұрықтандыру қызметімен елімізде көбіне жекеменшік ауруханалар айналысады. Ал оның құны 1 млн теңгеден 3 млн теңгеге дейін жетеді. Сондықтан мемлекеттің қолдауы ауадай қажет. Мәселен, былтыр аймақта арнайы кезекте тұрған 677 отбасының тек 37-і ғана квотаға қол жеткізсе, биыл 45 жұп республикалық орталыққа жолдама алған. Ал кеңестен ешкім кенде боп жатқан жоқ, дейді мамандар. 

Жұлдыз Әлпілам, акушер-гинеколог:

- Бізде жергілікті жерде және барлық аудандарда отбасын жоспарлау кабинеті бар. Отбасын жоспарлау кабинетінде акушер-гинеколог мамандары, акушерка қызмет атқарады. Олар арнайы оқудан, үйретуден, оқу әдістерінен өткен. Сондықтан келген ерлі-зайыптыларды толық консультация жасайды. 

Жасанды ұрықтандыру жолындағы тағы бір қиыншылық – ерлі-зайыптылар бір жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс. Тек содан кейін барып, жолдама беріледі. Ал осы уақыт аралағында жасалатын түрлі сараптамалардың өзі өте қымбат. Сондықтан Президент айтқан «Аңсаған сәби» бағдарламасында осының бәрі ескерілсе дейді мәселемен бетпе-бет келгендер.

Хабар 24 телеарнасы