431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сенаторлар табиғи қорықтар туралы заң жобасын қарайды

  • 166
  • UPD: 14:28, 07.09.2020
Сенаторлар табиғи қорықтар туралы заң жобасын қарайды

Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Сенат Бюросының отырысында белгілі болды.

Отырыс барысында Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басым бағыттарға тоқталып өтті. Сондай-ақ Жолдауда мемлекеттік басқару жүйесіне реформа жүргізу, кадр саясатын күшейту, шешімдер қабылдау және халықпен кері байланыс процестерін жеделдету қажеттігіне баса мән берілгеніне назар аударды. Одан бөлек Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы экономиканы қалпына келтірудің жеті басымдығын айқындап бергенін, өңірлерді, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, құқық қорғау және сот жүйесін реформалауды жалғастыруға тоқталғанын атап өтті. Сенат Төрағасының айтуынша, Жолдауда денсаулық сақтау және білім беруге баса назар аударылған.

«Жолдауда айтылған басымдықтардың бәрі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының барлық реформасын сапалы заңдармен уақтылы қамтамасыз етуіміз керек. Осы ретте сенаторлар заң шығаруға бастамашыл болу құқығын кеңірек пайдалануға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.

Білім беруде, сот пен құқық қорғау жүйелерінде де сапалық тұрғыда өзгерістер болуы керек. Сонымен қатар Президент Есеп комитетін қаржыландырудың өзге тәртібін айқындап, оны Парламенттің салалық комитеттері арқылы жүзеге асыруға тапсырма берді. Сенат Төрағасы Бюро отырысында осы кешенді жоспардың бәрі заңнамалық тұрғыда қолдауды талап ететінін айта келіп, депутаттық корпустың алдында ауқымды жұмыс тұрғанын жеткізді.

Отырыс барысында Сенаттың тұрақты комитеттерінің төрағалары депутаттардың өңірлерге сапарының қорытындылары туралы хабардар етті. Депутаттар індеттің таралуы мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайына мониторинг жүргізді, пандемиямен күресуге көмектесті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары аймақтарда қалай орындалып жатқанын қадағалады.

Одан бөлек сенаторлар еліміздің барлық облыстарындағы өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті. Жергілікті жерлерде азаматтарды қабылдады.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа сессия ашылар алдында Мемлекет басшысымен кездескеніне назар аударды. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың рөлі әр заң жобасын сапалы пысықтаудан тұратынын және заң шығару ісінде жалпыұлттық мүдделерді басшылыққа алуы тиіс екенін ерекше атап өткен болатын.

Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Сенат комитеттеріне бөлініп берілді.

Қаржы және бюджет комитетіне «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы берілді.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасымен айналысатын болды. Бас комитеттерге Сенаттың басқа комитеттерінің ұсыныстарын жинақтау және осы құжаттар бойынша қорытындылар дайындау тапсырылды.

Бұдан басқа Бюро отырысында Сенаттың 10 қыркүйекте болатын алдағы жалпы отырысының күн тәртібі де белгіленді. Жаңа сессияда қаралатын алғашқы құжат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болады. Аталған заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа келіп түсті. Табиғи қорықтар туралы көлемді бұл жоба осы аптада бірінші оқылымда қаралады.

Сонымен қатар тұрақты комитеттер Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Сенаттың 2020 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына ұсыныстар берді.

Хабар 24 телеарнасы