421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында қоян шаруашылығы қолдау тапты

  • 172
Қарағанды облысында қоян шаруашылығы қолдау тапты

Қарағанды облысында 21 жастағы кәсіпкер қоян шаруашылығымен айналысып, пайдаға кенелмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатта жас кәсіпкер асыл тұқымды «Фландр» қояндарын өсірмек. Алдымен тиянақты түрде бизнес-жоспар жасаған ол мемлекет есебінен жарты миллион теңге көлемінде грант ұтып алған.

Қарағанды облысында қоян кәсібімен айналысып, көл-көсір пайдаға кенелгендер көп емес. Себебі қыстың суық ауа райы қолайсыздық тудырады. Бірақ қалауын тапса қар жанатынын білген Константин қоян етінің өнімдеріне сұраныс бар екенін байқап, осы шаруашылықты мықтап қолға алған. Қазірдің өзінде асыл тұқымды 30-ға жуық қояны бар.

Константин Батуев, жас кәсіпкер:

-  Ісім алға басып, санын көбейткен соң, үлкен аталықтарын сатылымға шығаруды көздеймін. Ал қазір санын көбейту керек. Кемі бір-екі жылдан соң табыс түсе бастайды деп ойлаймын. Асыл тұқымды қоянның жасы бірде, салмағы 10 келіден асты. Ал қояндарға қолайлы жағдай жасаса, көз ілеспес жылдамдықпен көбейеді.

Қояндардың ішінде мына бельгиялық қоян ең ірісі болып есептеледі. Тіпті 3 бірдей сипат бойынша Гинестің рекордтар кітабына кірген. Салмағы 12 келіден асса, дене тұрқы бір метрге жуықтайды. Кәсіпкер қазір етті қоянның өнімін сату бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Әнел Смайылова, Бұқар жырау аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы:

- Аудан жастарын кәсіпкерлікке тарту, кәсіпкерлік шағын және орта бизнес бойынша оқыту мықтап қолға алынған. Биылдың өзінде осы мақсатта 15 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде өз ісін ашуға құмартқан жастардың қарасы едәуір көбейіп келеді.

Атап өткен жөн, тек осы Бұқар жырау ауданы бойынша биыл кәсіпкерлікті үйрену мақсатында әкім грантына 70 өтініш келіп түскен. Оның 30-ы жеңімпаз атанып, 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қолдауға ие болған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы