431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлықтар мемлекетке жер телімін беруге келіспей отыр

  • 168
  • UPD: 20:25, 07.09.2020

Қостанайда салынып жатқан жаңа көпір құрылысына байланысты өзен жиегіне таяу үш үйдің жер телімдері мемлекет меншігіне өтеді, – деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда тұрғындар: «Үй мен жер учаскелеріне тағайындалған өтемақы өте аз», – дейді. Олардың айтуынша, әкімдік ұсынған 8 млн теңгеге жөні дұрыс баспана сатып алу мүмкін емес. Сондықтан тиесілі ақысыз тұрғын-жайымызды босатпаймыз деп бекініп отыр.

Қостанайда Тобыл өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы биыл басталды. Жоба бойынша оның ені 24,5, ал ұзындығы 250 метрді құрайды.

Көлік жолы төрт жолақты болып кеңейтілетіндіктен, тақау орналасқан үш үйдің жер учаскелері мәжбүрлі түрде мемлекет мұқтажына алынады. Ол туралы үй иелері былтырдан бері хабардар. Бірақ бағалаушылардың тағайындаған өтемақысына олардың көңілі толмайды.

Надежда Панченко, қала тұрғыны:

– Менің үйімді дұрыс бағалаған жоқ. Мамыр айындағы бастапқы келісімшарт жобасында 8 миллион тенге делінген.Ал 21 шілдеде бағасы кенеттен өсіп, 11 миллион деп көрсетіліпті. Олар жобалап бағалай салған сияқты. Мысалы, құжатта қабырға сыланған деп көрсетілген, ал шындығында үйдің сырты металлсайдингпен қапталған.Міне, сондай жиырма шақты қателік таптым.

Нина Михайлова, қала тұрғыны:

– Бұл – менің жерім. Бәлең жылдан бері баптап, жеміс-жидек, бау-бақша өсірген 8 соттық жерді қалай берем? Көп сұрап отырған жоқпыз. Басқа үй сатып алатындай 15 млн теңге төлесе ғана көнемін.

Осыған дейін тараптардың шағымы бойынша 2-3 сот отырысы болған. Әлі күнге бір жақты шешім жоқ.        

Руслан Нұрмағамбетов, адвокат көмекшісі:

– Әкімдіктің сотқа табыс еткен бағалау қорытындысының қиыспайтын тұстары бар. Сондықтан қайтара бағалау сараптамасы өткізіледі.

Әлеуметтік маңызға ие көпір құрылысы үшін қажетті жер телімі мемлекет меншігіне өтетіндігіне ешкім шүбә келтірмес. Бұл жерде бар мәселе өтемақы көлеміне келіп тіреліп тұр.

 

Бақтияр Жұмабеков, Қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

– Қалалық әкімдік бағалау қорытындысына әсер ете алмайды. Себебі сараптаманы тәуелсіз бағалаушылар жасайды. Ал онымен келіспесе, сот қайта тауарлық сараптамаға жібереді. Соның есебі бойынша өтемақы тағайындалады. Ол бағадан артық біз ештеңе төлей алмаймыз.

4.4 миллиард теңгеге бағаланған көпір құрылысы 2021 жылы аяқталуы тиіс. Ал жер дауының соңына қашан нүкте қойыларын дәл басып айту қиын. Келесі сот отырысы қыркүйектің 10-на белгіленіп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы