426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана университеті төңірегінде тағы дау шықты

  • 188
  • UPD: 18:17, 07.09.2020

Бұл жолы диплом ала алмай жүрген түлектерге, оқу процесінің жүйесіздігін айтып, шағымданған студенттер қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар өз өтінішімен министрлікке шыққан. Ондағылар бүгін оқу орнына арнайы тексерумен барды.

Астана университеті төңірегіндегі даудың басталғанына айдан асты. Бір топ студент ақы төлеп түскен оқу орнының дипломына қол жеткізе алмай жүр. Оқу процесі де дұрыс ұйымдастырылмаған. Дәріс беретін оқытушы жоқ.

Шыңғыс Кәрімов студент:

– 3 курсты аяқтаған соң дипломдық жұмысты жазуға кіріскен едік. Бастапқыда жетекшіміз болды. Бірақ көп ұзамай ол университеттің жалақы төлемейтінін айтып, жұмыстан кеткенін хабарлады. Сосын басқа жетекші тағайындалды, алайда ол да бізбен ұзақ уақыт жұмыс істемеді. Университетке хабарлассақ, еш жауап ала алмадық. Ақша төлеңдер дейді.

Зарина Ахметова, студент:

– Тамыз айында кейбір студенттерге звондап, оқудың ақысын төлеңдер деді. Бірақ білмейміз, қалай төлейміз. Жұмыс істей ме, істемей ме, ондай мәлімет берген жоқ. Біз хабарласқанда, ешкім телефонды алған жоқ.

Студенттер жауапты министрлікке шағымданып, тексеру жүргізуді талап етті. Көбі басқа оқу орнына ауысқысы келеді. Алайда құжаттарын қайтарып ала алмай жүр.

Ғалымжан Жұмашев, ҚР білім және ғылым министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:

– Бүгін жұмыс бастаймыз ба деп келдік. 5 күн аралығында тексеріс жүргізуге шешім қабылдап, 6 адам боп университетке кіріп отырмыз. Қазір университеттен алған жауабымыз, ректор Алматыда, ол міндетті атқарушы адам жоқ дейді, орынбасарлары да жоқ.

Өзін заңгермін деп таныстырған мына азамат министрлік талабымен келіспей, басшылықтың бұйрығынсыз университетке кіруге рұқсат жоқ екенін алға тартты. Айтуынша, оқу орнының ректоры Алматыға біліктілікті арттыру курсына кеткен.

Ғалымжан Жұмашев, ҚР білім және ғылым министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:

– Біздің сарапшылар әкімшілік хаттама толтырып жатыр. Дегенмен күте тұрамыз. Бізбен бірге әрі қарай жұмыс істейтін болса, жұма күні нәтижесін беретін боламыз.

Қазір университетте тек қабылдау комиссиясы ғана жұмыс істеп тұр. Ал студенттер үшін дәрістің қашан басталатыны белгісіз. Оқу орнының өкілі мұғалімдердің көбі сырқаттанып қалғанын айтты.

Алмас Халилов, қабылдау бөлімі комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Оқу басталып жатыр. 10 қыркүйектен бастап. Қазір пандемияға байланысты мұғалімдер ауырып жатыр. Өкінішке қарай, 1 мұғалім қайтыс болған. Сол себепті 10 қыркүйектен бастап іске кіріседі.

Бұл оқу орны түлектерінің диплом ала алмай жүргені жөнінде мәселе бұған дейін де көтерілген. Бірақ әлі шешімі табылмаған. Енді оған оқу процесінің жүйесіздігі де қосылып отыр. Министрлік өкілдері апта соңына дейін тексеру жүргізіп, тиісті шешім шығаруы тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Дәурен Жұрқабаев

Хабар 24 телеарнасы