426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қараталда дауылдан зардап шеккен үйлердің басым көпшілігі қалпына келтірілді

  • 164
  • UPD: 20:21, 07.09.2020

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында өткен жұма күні кешкісін соққан дауылдың зардаптары жойылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір шатырлары ұшып, қабырғалары құлаған нысандардың біразы ауылдағы халықтың береке-бірлігі мен кәсіпкерлердің демеуі арқасында қалпына келтірілді. Шығын көлемі 3 миллион теңгеге бағаланып отыр. Жергілікті тұрғындар мұндай құбылыстың 20 жылдан бері болмағанын айтады.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Қаратал ауылында 4 мыңдай халық тұрады. Олар негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Тұрғындардың сөзінше, жұма күні кешкісін алдымен күн бұлттанып, желдің екпіні біртіндеп күшейіп, соңында құйын осы Кеңес Рамазанов көшесімен жүріп өткен. 34 үйге зақым келген. Абырой болғанда, ең бастысы адамдар дін аман.

Жәнібек өткен жұма күні болған оқиғаны көрген түстей қорқынышпен еске алады. Алай-дүлей жел соғып, құйын соға жөнелгенде есіміз шығып кетті дейді.

Жәнібек Әли, Қаратал ауылының тұрғыны:

– Жалғыз шешем бар, мүгедек адам еді, жақында операция жасатқан. Сол кісіні ортаға алып, бала-шағаммен шай ішіп отырғанбыз. Жел соққанда егіз қызымның бірі далаға шығып кетіп, соны әзер алып кірдім үйге. Құйын ерекше қатты болды. Еңсеміз түсіп кетіп еді, халыққа, Үкіметтегі адамдарға үлкен алғысымызды білдіреміз. Халық аман болса екен деп тілейміз, енді мұндай жағдай екінші рет қайталанбаса екен деп тілейміз.

Мамандардың мәліметінше, соққан желдің екпіні секундына 27 метрге дейін жеткен. Шұғыл құрылған комиссия құрамына төтенше жағдай, әкімдік өкілдерінен өзге қоғам белсенділері де енген. 

Зәуре Баймұхаметова, қоғам белсендісі:

– Жаңбырдың жаумауын тіледік. Әйтеуір күн жайнап, жарқырап кетті, оған да қуандық, түнде үйге барып уайымдадық. Халқымыздың береке-бірлігінің арқасында еңсемізді көтердік.

Айрат Кәрімов, Қаратал ауылдық округінің әкімі:

– 1-2 күннің ішінде үйлер толығымен жөндеуден өткізіледі. Ауылдың мекемелері, ұжымдар, барлығы өздерінің бригадаларын жіберіп, ауылдық округтер өздерінің құрылыс бригадалары әр үйді бөліп алып, үйлерді жөндеп жатыр.

Қазір зардап шеккен үйлердің басым көпшілігі қалпына келтірілді. Қалған тұрғындарға қол ұшын созам деушілер береке-бірлік танытуда.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы