426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында коронавирустен оңалту шаралары жүріп жатыр

  • 151
  • UPD: 22:40, 08.09.2020

Елімізде коронавируске шалдыққандарды оңалту шаралары басталды. Бұл іспен Бурабайдағы өкпе және тыныс алу жолдары ауруларының республикалық реабилитациялық орталығы айналысады. Нысанда жылына 4 мыңға жуық адам ем алатын болса, енді олардың қатарына осы жазда ковид пен пневмонияның құрығына іліккендер де қосылды.

Коронавирус індетіне шалдыққандардың бірі жетпіс жастағы Ғосман ақсақал. Қария 3 апта бойы қатты ауырған. Жаратқанның жазуымен жаман індеттен дәрігерлердің арқасында ғана аман қалғанын айтады. Вирустан өкпесі зақымданғандықтан жергілікті мамандардың жолдамасымен осында келген. 

Ғосман Төлеғұл, емделуші:

- Шынын айту керек, өте ауыр болды. Мұндай жағдайды ешуақытта бастан өткізбеген адам, қиын болды, шынын айту керек. Содан менің керемет осы ризашылығым мынау дәрігерлердің ерлігі дегеніңіз, азаматтық ерлігі ерекше айту керек. Бұрын жанымыздың, тәніміздің сауында мән бере бермейді екенбіз ғой. Енді Құдай жазып, сол 21 күннен кейін емделіп шықтық.  

Осында ем алып жатқандардың көбі Ғосман ақсақал секілді қауіпті вирустың қармағына ілінген жандар. Арасында онсыз да бұрыннан бері өкпе және тыныс жолдары қабынғандар да бар. Ең бастысы, олардың барлығы 14 күн бойы оңалту шараларынан тегін өтеді. Ол үшін әр облысқа мемлекет есебінен ай сайын 20 квота бөлініп отырады. Яғни осындай дерті бар адамдардың бәріне реабилитация қарастырылған. 

Гүлнәр Құлышева, республикалық оңалту орталығының директоры:

- Ол кісілер әр жерде мысалы, өздері тіркелген болса, өздерінің емханалары арқылы осы путевканы алуға болады. Біздің оңалту орталығынан квоталардың барлығы денсаулық сақтау басқармасына барады аймақтарға. Сол жерден олар емханаларға таратылады. Емханалар өздеріндегі дәрігерлері әр науқасты осы жерге аударуға мүмкіншіліктері бар. 

Осындай мүмкіншілікті пайдаланып отырған пациенттер оңалту шараларына дән риза. 

Әзиза Махамбетова, емделуші:

- Бірінші рет осы реабилитация орталығына келдім. Өзіміздің үкіметімізге мың рақмет айтамын. Осындай біз сияқты пенсионерлерге осындай жағдай жасап, тегін путевкамен келіп, осы жерде ем алып жатырмыз. Демалып жатырмыз. Жақсы тамақтанып жатырмыз. 

Енді өкпе және тыныс ауруларынан бөлек коронавирусқа шалдыққандарды оңалту үшін медициналық сақтандыру қорынан 1 млрд теңге бөлініп, қосымша квоталар пайда болмақ. Олар үшін арнайы ем-дом да қарастырылады. Ал әзірге пациенттер фито- және галотерапия, физиоемдеу және ингаляция әдістерімен ем алып жатыр.

Авторлар: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы