420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында мал ұрлаумен айналысқан 13 қылмыстық топ ұсталды

  • 160
  • UPD: 22:45, 08.09.2020

Қазақстанда мал ұрлығы азайды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары айтты. Марат Ахметжанов президенттің былтырғы жолдауда берген тапсырмасы орындалғанын жеткізді. Дегенмен, кей өңірлерде мал ұрлығы әлі де бар. Жақында бірнеше облыста осындай дерек тіркелді.

Мал-жан аман ба? Бас прокурордың орынбасары жиын басында ұмытылып бара жатқан осы бір ауыз сөзді еске түсіріп, төрт түліктің халқымыз үшін қаншалықты маңызды екеніне назар аударды. Содан соң мал ұрлығының кәсіпке айналғанын айтты.

Алайда заңды күшейту 8 айда заң бұзу деректерін 2868-ден 2174-ке дейін азайтуға мүмкіндік беріпті.

«Әсіресе жазаны ауырлату мен тараптардың татуласуына тыйым салу ұрлыққа мықты тосқауыл болды» дейді Марат Ахметжанов.

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Соңғы жылдары мал ұрлығы кәсіпке айналып, ұйымдасқан қылмыс түрі болып кетті. Сондықтан Қылмыстық кодекске «мал ұрлау» деген жеке бап қостық. Ол нәтижесін беруде. Қазіргі күні мал ұрлығы 24 пайызға азайып отыр.

Заң күшейтіліп, жаза ауырлағанымен оңай олжаға кенелгісі келетіндер әзірге айылын жияр емес. Мәселен, Алматы облысында қолға түскен 23 жастағы азаматтың 4 мәрте ұрлық жасағаны анықталды. Ол ауылдастарының қойын қолды қылып, көршілес ауылда сатпақ болған. Қазір аталған іске байланысты тергеу амалдары басталды. Жалпы өңірде жыл басынан бері осындай 310 қылмыс ашылған. Соның нәтижесінде 920 бас мал заңды иесіне қайтарылды.

Ербол Ахметқалиев, Кербұлақ аудандық ПБ бастығы:

- Тамыз айында Сарыбұлақ ауылының 51 жастағы мал ұрлығына күдікті ер азаматты жайлаудан 9 бас мал айдам бара жатқан жерінен қолға түсіріп, малды тәркілеп, иелеріне қайтарылып берілді. Күдікті қамауға алынды. Оның басқа да Кербұлақ ауданында 2 ұрлыққа, және Көксу ауданында екі мал ұрлығына қатысы бары анықталды. 

Қызылорда облысында 67 адамнан тұратын 13 қылмыстық топ қолға түсті. Олардың 43 ұрлық дерегіне қатысы бары анықталған. Бұдан бөлек жыл басынан бері рұқсатсыз мал не болмаса ет тасымалдаған 100-ге жуық автокөлік ұсталды. Дегенмен, аймақта мұндай қылмыс азайып келеді. Мәселен, былтыр 230 дерек тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 114-ке дейін қысқарған.

Хабар 24 телеарнасы