420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Текеліде жол картасы бойынша жөндеу жұмыстарына жұмсалған ақша далаға кетті

  • 94
  • UPD: 22:48, 08.09.2020

Текеліде «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 13 жоба жүзеге асып жатыр. Бірақ бесеуінде жұмыс баяу жүріп келеді. Жол құрылысының бекітілген мерзімнен кешіктірілгені былай тұрсын жөнделген ойын алаңдары мен суағарлардың сапасы сын көтермейді.

Текелі қаласындағы төрт көшенің салынып жатқанына төрт айдан асты. Осы уақыт ішінде мердігер мекеме өкілдері тротуарды ғана жасаған. Ал көлік жүретін бөлігінің шаңы көкке көтеріліп жатыр. Ойқы-шойқы жолдың зардабын жергілікті тұрғындар тартып отыр. 

Марат Смайлов, Текелі қаласының тұрғыны:

- Майдан бастап мына жолды ашып тастады да жүре алмаймыз. Жаңбыр жауса батпақта тұрамыз. Труба салмай жатыр. үйге кіре алмай отырмыз. Менің суымды үзіп кетті жалғаған жоқ. Айта, айта шаршадым. Вообще тендерге жолатпау керек мұндай компанияны. Бекерден бекер тендер ұтқызады. Рабочий компанияларға беру керек. 

Тұрғындар жол құрылысының баяу жүргізілуіне мердігер мекеме өкілдері кінәлі деп есептейді. Өйткені дәл осындай Қадырғали Жалайыри және Әл-Фараби  көшесін жасағандар қалыптасқан жағдайға қарамастан бар жұмысты бітіріп кеткен. Ал бұл компания өкілдері бетон құбырдың жоқтығы қолбайлау болды болғанын айтып, ақталып отыр. 

Андрей Литвиненко, мердігер мекеме өкілі:

- Бетон құбырлар Талдықорғанда жоқ. Оларды Алматыдан тапсырыспен алдыртып жатырмыз. Бірер күнде әкелінеді. Сол кезде жұмыс жалғасады. Төрт көшенің екеуіне асфальт төсеу ғана қалды. Қалғанын да жасаймыз.  

Қалада суағар салып жатқан компанияның да жұмыс сапасы сын көтермейді. Көше бойындағы бетон арықтар қиғаш қойылып, құбырдың шетін жауып қалған. Одан бөлек жолжиек тастар бүлініп, қазылған топырақ асфальт үстіне төгіліпті. 12 млн теңгеге тұрмыстық қалдық жинайтын 14 орын салған мердігер мекеменің жасаған шаруасы да көңіл көншітпейді. Қауіпсіздік талаптарын ескермегендер тас жолға бетон құйып тастапты. Жөнделген балалар алаңының төсеніші ойылып, темір торы тесіліп қалған. 

Станислав Шинкаренко, мердігер мекеме директоры: 

- Жабындыны салғаннан кейін үш күн тұруы керек еді. Алайда төсеніш кеппей жатып, балалар ойын алаңына кіріп кеткен. Содан сапа нашарлады. Оны мен жасырмаймын.  Кемшіліктерді ретке келтіріп жөндейміз.  

Тендерді жеңіп алған пысыққайлардың бірі қураған ағаштардың  орнына көктеп тұрғандарын кескен. Қазір сала мамандары қанша түп  оталғанын анықтап жатыр. Осындай жауапсыз мердігер мекеме өкілдері жергілікті тұрғындарды да тиісті көлемде жұмысқа алмапты. 

Бақтияр Өнербаев, Текелі қаласының әкімі:

- Ең басты мақсат карантин кезінде жұмыссыз қалғандарды жұмыспен қамту. Көп компания сол мақсатты межеге жеткен жоқ. Қаражатын төлеп жатқан жоқ. Сондықтан осындай шара қолданып жатырмыз. Екіншіден, жұмыстың сапасы. Сапасы ешқандай сын көтермейтін компания өкілдері жұмыстарымен тек қана сотпен ғана шешеміз. Себебі қаншама рет айтылды. Қаншама ескертпе жасалды. Скл  бірақ өкінішке орай олар жөнделмей жатыр.

Таудың ортасында тұрған Текеліде жауын-шашынды кезең ерте басталады. Сондықтан мердігер мекеме өкілдері аталған кемшіліктерді осы айда ретке келтіріп үлгеруі тиіс. Әйтпесе тұрғындардың өркениет игілігін келесі жылға дейін тосуына тура келеді. 

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы