424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Текелі қаласындағы зиянды қалдық қоймасын көму жұмыстары тоқтап қалды

  • 111
  • UPD: 09:06, 09.09.2020

Осылайша 35 млн тонна ауыр металл күлі жатқан аймақ ашық күйінде желмен көтеріліп ауаға тарап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет қазынасынан 660 млн теңге бөлініп, экологиялық проблеманы шешеді деген бастаманың аяқсыз қалуына не себеп болды?

Текелідегі зиянды қалдық қоймасы шілде айында көміле бастаған болатын. Мердігер мекеме өкілдері бір айға жуық уақыт ішінде 70 гектар жердің 20 процентке жуығын топырақпен жауыпты. Алайда жұмыс енді қыза бастағанда тоқтап қалған.   

Рашид Кувашев, мердігер мекеменің бас инженері:

– Жұмыстың тоқтап тұруынасебеп – су тоқтатылмады. Екінші себебі топырақ алатын карьер табылмады. Бізден кінә жоқ деп санаймын. Себебі топырақ мәселесі ақпан айында шешілген болса, 80-90 процентін жауып тастаушы едім.

Жартылай ашық жатқан аса ауыр металдардың қалдығы қала халқының денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан рекультивациялау жұмысының тоқтағанына тұрғындар да алаңдаулы. 

Мұхит Шерияздан, қала тұрғыны:

– Бұл қалдықтар желмен ұшып, тек қана Текелі емес, жан жағындағы ауылдарға зиян. Қорғасын жатыр. Қорғасын қанша ауруларға әкеп соғады. Жауып жатқанда қуанғанбыз. Енді осыны жауып берсе екен деп сұраймыз. 

Өзекті мәселені толықтай шешу үшін шахтадан шыққан суды тоқтатып, арнайы сараптама жасалған соң көлшікті ағызу керек. Одан бөлек, топырақ алынатын жер анықталуы қажет.

Ғалым Қызылбаев, Текелі қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:

– Су мәселесі шешіліп жатыр. Қазір біз өзіміз шара қолданып жатырмыз. Топырақ мәселесін шешіп жатырмыз. Хаттама толтырылды. Хаттама барлық органға жіберілді. Ертеңнен бастаймыз деп отырмыз. 

Жақын күндері жұмыс жанданғанымен мердігер мекеме өкілдері жыл соңына дейін 400 мың текше метр топырақты тасып үлгермейміз деп отыр. Басталған іс бекітілген мерзімінде бітпесе, текеліліктердің ауаға араласқан ауыр метал күлімен келесі көктемге дейін тыныстауына тура келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов

Хабар 24 телеарнасы