428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында волонтерлерді енді арнайы мамандар дайындайды

  • 205
  • UPD: 09:09, 09.09.2020

Қызылорда өңірінде 6 мыңдай волонтер бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар жыл сайын жүздеген түрлі игі іс-шараға атсалысады. Соның ішінде құтқару, іздестіру жұмыстарына да жәрдемдесетіндер аз емес. Сыр өңірінде төтенше жағдай кезінде жұмылуға әзір еріктілерді енді арнайы мамандар даярлайтын болады.

Табиғатқа шығып, жол таппай адасып жататындар аз емес. Көбінің көлігі сынады, жанар-жағармайы таусылады. Тізе берсең, түрлі себеп бар. Байланыс жоқ жерде, із-түзсіз кеткендерді табу оңай емес. Орман ішінде, өзен үстінде өзгені іздеймін деп түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келмесіңе кім кепіл? Құтқарушы волонтерлерді даярлаудың маңызы осындайда білінеді.

Ольга Чебакова, «Қызылорда волонтерлері» ҚБ жетекшісі:

– Қолда бар дүниелермен алғашқы медициналық көмек көрсету, қарапайым рациямен байланысқа шыға білу, тұрған жеріңді бағдарлай алу. Құтқарушылар бізге осындай қарапайым жаттығулардан бастап, суда құтқару, іздестіру, жарға өрмелеу секілді әдіс-тәсілдерді үйрететін болады.

Мәселен, биыл қызылордалық еріктілер төтенше жағдай мамандарымен бірге 10-нан астам түрлі іздестіру шарасына қатысқан. Көктемгі су тасқыны кезінде құм толтырған қаптармен бөгет жасауға атсалысты. Сондай-ақ жаз айларында суда шомылу және өрт қауіпсіздігін ескерту акцияларына үлес қосқан.

Бауыржан Мәстеков, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:

– Қызылорда облысындағы жоғары және орта арнаулық оқу орындарында арнайы төтенше жағдайдың алдын алу мақсатындағы мамандықтар бар. Сол мамандықтың жастарын осы «Үміт» бағытына біз тіркей отырып, қазіргі таңда сол бағыттағы азаматтар өзі практика есебінде қазіргі таңда волонтер бола тұра үйреніп жатыр.

Халқымызда ежелден бар асар жасау, жылу жинау, ерулік беру секілді ізгі дәстүрлер бүгінде мәнін жоғалтқан жоқ. Тіпті соңғы жылдары қоғамға пайдалы іс жасауға ниетті сырбойылықтардың қатары көбейіп, деңгейі жоғарылаған. 

Бағдат Данилов, облыстық ТЖД басшысы:

– 2015 жылдан бастап Қызылорда қаласында волонтерлердің қоғамдық қоры құрылған. Бұлар ең бірінші болып республикада «Қазқұтқару» халықаралық жаттығуына қатысты. Содан өздерін көрсетіп, өте үлкен баға алды. 

Құтқарушыларға тән түрлі жаттығуларды меңгеріп, өзенде ескек есу еріктілердің еріккеннен атқарып жүрген шаруасы емес. Апат айтып келмейді. Су мен от – тілсіз жау. Ал бұл өрендер қысылтаяң сәттерде әрдайым қол ұшын созуға даяр қаһармандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы