426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық вакцинаның клиникалық сынақтарына 627 адам қатысуға ниет білдірді

  • 145
  • UPD: 09:20, 09.09.2020
Қазақстандық вакцинаның клиникалық сынақтарына 627 адам қатысуға ниет білдірді Kursiv.kz

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында жасалған QazCovid-in® коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинасының клиникалық сынақтарына 627 адам қатысуға ниет білдірді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) қазақстандық коронавирус вакцинасының клиникалық сынақтарына қатысу үшін еріктілерді тартуды жалғастырып отыр, деп хабарлайды ҚР БҒМ Ғылым комитеті.

«Құжаттарды қабылдау осы жылдың 10 қыркүйегінде аяқталады. Бүгінгі күні 627 адам біз жасаған вакцинаны өздеріне салдыруға ниет білдірді. Бірінші кезеңде біз 44 адамды, екіншісінде 240 адамды таңдауды жоспарлап отырмыз. Біз вакцина туралы жоғары хабардарлыққа, қазақстандықтардың жағымды мотивациясы мен патриотизміне қуаныштымыз. Мұндай сенім іс жүзіндегі қолдау ғана емес, сонымен қатар біз сияқты өндіруші үшін және бүкіл қазақстандық ғылымға үлкен моральдық қолдау болатыны анық. 627 адамның әрқайсысы, тіпті олар еріктілер қатарына кірмесе де, біз үшін батыр деуге болады. Біз оларға барлық қазақстандықтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға қосқан жеке үлесі үшін өте ризамыз», – деді БҚПҒЗИ бас директоры Күнсұлу Зәкәрия.

Еске сала кетейік, 31 шілдеде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) QazCovid-in® коронавирусына қарсы қазақстандық инактивтендірілген вакцинаны клиникалық сынақтарға жіберілген кандидат вакциналар тізіміне енгізді.

Институт директоры бастаған жеті вакцина жасаушы вируспен жұмыс кезінде қауіпсіздігін қорғау үшін вакцинаны қабылдаған алғашқы еріктілер болды. Тест нәтижелері бойынша вакцина салғандардың бәрінде вирусқа қарсы антиденелер пайда болды, қызметкерлердің дені сау және ғылыми-техникалық бағдарлама шеңберінде жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы