426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында ет өнімдеріне сұраныс төмендеді

  • 128
  • UPD: 14:46, 09.09.2020

Карантин кезінде Түркістан облысында ет өнімдеріне деген сұраныс төмендеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылғымен салыстырғанда сатып алу мен өндіру бір жарым есеге азайған. Ал бұдан фермерлер мен ет өнімін терең өңдеушілер зардап шегуде. Сұраныс неге төмендеп кетті?

Бұл Сайрам ауданында орналасқан шағын ғана шұжық шығаратын цех. Мұнда күніне 800 келіге дейін шұжық өнімдері шығарылады. Дайын өнімнің көпшілігі Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы сауда сөрелеріне жөнелтіледі. Карантин басталғалы сұраныс күрт төмендеп кеткен. Цех басшысы Ақылбек Шалқаров былтыр цехтың жанынан үлкен ғимарат салған. Несие алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлапты. Алайда табысының азайып кетуіне байланысты ол ойын әзірге іске асыруға жүрексініп отыр. 

Ақылбек Шалқаров, кәсіпкер:

– Күніне 5 тонна өндіруге болады. Ол үшін құрылғы алуымыз керек. Жылда несие алып, аппарат алмасақ ол қымбат. Жылда шетінен жаңартып отырмыз. Жылдан жылға қосылып келе жатыр. Енді мына үлкен жаңа цехты қоссақ, көптеу шығарамыз деп жатырмыз. Тәулік бойы істей алмаймыз, қазір сұраныс коронавирусқа байланысты төмендеп кетті бұрынғыдан.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары да қазір етке деген сұраныстың азайғанын айтып отыр. Өйткені етті ең көп сатып алатын тұтынушылар мейрамханалар. Ал карантинге байланысты әзірге ешбір мейрамхана жұмыс істеймейді. Сондықтан ішкі нарықта да ет пен ет өнімдерін өткізу бас қатыратын мәселеге айналып отыр.

Рысбек Қыдырәлі, мейрамхана иесі:

– Бізде той деген күнде болатын. Әсіресе күз кезінде жиын-терімнен кейін. Күнде 300 кг ет аламыз. Оны 30-ға көбейтіңіз. 9-10 тонна ет алатынбыз. Барлығы кәсіпкер, мысалы ет сататын адам да, сусын сататын адам да, жеміс-жидек сататын адам да кәсіпкер. Олардың да заттары өтпей қалды.

Бір ғана Түркістан қаласының өзінде елуге жуық тойхана барын ескерсек, тек солардың өзі айына 500 тонна ет сатып алып отырған. Сондықтан қазір ішкі нарықта ет өнімін өткізу өзекті мәселеге айналып отыр.

Ербұлан Жәнібеков, облыстық ауыр шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Ішкі нарықта былтырғымен салыстырғанда өте төмен болып тұр. Өйткені пандемияға байланысты етке де сұраныс төмендеді. Оның үстіне экспортты да жапты. Екі жақтан да шаруаларға ауыр тиюде. Сол үшін біз ет экспортын ашуды сұрап ұсыныс білдірдік. Ет өткізуде қиындықтар туындауда деп. Екінші мәселе – Қытайға шығаруды қарастырып жатыр қазір мемлекет тарапы. Біз екі мал сою орнын ұсынып отырмыз. Қазір өндірген етіміз тек көрші облыстарға, Алматы облысы мен Өзбекстанға экспорталып жатыр.

Бүгінге дейін Түркістан облысында 121 мың тонна ет өндірілген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен шамалас. Өзбекстанға төрт жарым мың тонна сиыр, 244 тонна қой еті экспортталған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы