420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР ДСМ коронавирусқа қарсы екпені ең алдымен кімдер алатынын атап өтті

  • 165
  • UPD: 20:30, 09.09.2020

Қазақстандықтардың 15% коронавирусқа қарсы вакцина егіледі.

Отандық вакцинамен қатар Ресей және ағылшын-швед елдері бірлесіп жасаған екпелер де қолданылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Жалпы елімізде індеттің өршу қаупін алдын алу мақсатында қандай шаралар қолға алынады?

Бақыт Топтаева баяндасын.

- Елдегі эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақтанды. Коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмонияның тәуліктік өсімі 0,5% шегінде. Бірақ арқаны кеңге салу әлі ерте. Денсаулық сақтау министрі коронавирусқа қарсы екпені ең алдымен алатын азаматтарды атап өтті. Олардың қатарында созылмалы аурумен ауыратын адамдар, 60-тан асқан азаматтар, медицина қызметкерлері және ұстаздар бар. Бұл азаматтардың барлығын екпемен қамту үшін вакцинаның 5 млн 580 мың дозасы қажет. Алексей Цойдың хабарлауынша, бүгінгі таңда 3 түрлі вакцинаны қолдану қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Ресейдің Спутник-5, Швециялық AstraZeneca және отандық вакцина егілуі мүмкін. Әзірге бұл вакциналар сынақтан өткізіліп жатыр. Сондықтан екпені егу мерзімі әлі белгісіз.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Қазіргі кезде елдегі 80 зертхананың тәулігіне 40 мыңға дейін сынама алу мүмкіндігі бар. Бүгінде өңірлерде 11 ветеринарлық зертхана ашылып, 20 мыңға тарта зерттеу жұмыстары жүргізілді. Індеттің кезекті ықтимал толқынына дайындалу мақсатында жылдың соңына дейін зертханалық зерттеудің тәуліктік мөлшерін 63 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.

COVID жұқтырған адамдарды емдеу үшін қажетті дәрілік препараттардың қоры жасақталды. Өңірлерді дәрі-дәрмектің 91 түрімен қамту үшін қазынадан 14 млрд теңге қарастырылған. Қазір 11 млрд-қа дәрі сатып алынып, медициналық мекелерге жеткізілді. Нәтижесінде стационарлар препараттармен толық қамтылды.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Амбулаториялық деңгейде дәрілер тізімі кеңейтілді. Жыл соңына дейін 1 млн адамды қамтитын COVID-19 нозологиясы енгізілді. Бұл шара инфекциялық және провизорлық орталықтарда орын санын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Күз түсіп, күннің салқындауы тұмаудың таралу қаупін арттырмақ. Сондықтан иммунитеттің әлсіреуін болдырмаған абзал. Бұл ретте Үкімет тұмауға қарсы екпе салуды қолға алды. Қыркүйектің 15-інен бастап қазанның ортасына дейін 2,5 миллион халықты егу көзделіп отыр.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Жалпы Үкімет тарапынан ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде біз еліміз үшін күрделі кезеңді еңсердік және аурудың таралу деңгейін төмендету қамтамасыз етілді. Бастысы, біздегі денсаулық сақтау жүйесі коронавирус жұқтырғандарды емдеу бойынша зор тәжірибе алды. Барлық қабылданып жатқан шаралар күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына және маусымдық ауруларға қарсы күресуге жағдай жасайды. Әрине, санитарлық талаптарды қатаң сақтау керек.

Ауруханадағы орындар санын 50 мыңға дейін арттыру мәселесі пысықталуда. Өңірлерде 12 жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр, 2 стационар қайта жөнделеді. ПТР тестілеудің де мүмкіндігі артты. Үкімет отырысында айтылғандай, қажет болса, тәулігіне 63 мың тест жүргізуге жағдай жасалады.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы