421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодардың онкологиялық орталығында қымбат қондырғы іске қосылмады

  • 106
  • UPD: 20:39, 09.09.2020

Павлодардың онкологиялық орталығында құны 1 миллиард 800 миллион теңге болатын сәулелі желі үдеткіш әлі күнге дейін тоқтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қымбатқа түскен медициналық қондырғыны ретке келтіріп, іске қосатын мамандар пандемияның кесірінен Қазақстанға келе алмаған. Қатерлі ісікті емдеуде тиімділігі жоғары деген теңдессіз құрылғы мен оның құрамдас бөлігі – компьютерлік стимуляторға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген еді.

Онкологиялық диспансер өткен жылдың желтоқсан айында салтанатты түрде ашылды. Содан бері міне, бір жылға таяу уақыт өтті. Бірақ жобада кеткен қателіктер жұмысты дер кезінде бастауға мүмкіндік бермеген. Мәселен, жарақаттарды таңу бөлімшесінде қол жуғыш қарастырылмапты. Ал, операциялық блок тазалық ережелеріне сай келмеген. Осы олқылықтарды жойғанша көктем шықты. Одан кейін бүкіләлемдік пандемия басталып кетті.

Сергей Борисенко, Онкологиялық орталықтың диспансерлік бөлімінің меңгерушісі:

- Әлемде қалыптасқан жағдайларға байланысты бізге келушілер саны да қысқарды. Өкінішке қарай, жоспарлы және скринингтік тексерулер тоқтап қалды. Бұл емханалармен бірлесіп жүргізілетін өте ауқымды жұмыстар.

Жаңа ғимаратқа қоныс аударған онкологтар жоспарлы жұмыстарын жалғастыру үстінде. Осы уақыт аралығында 400-ге тарта науқас сәулелі терапия көмегіне жүгінген. Ал, қатерлі ісікке шалдыққандарға жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуі тиіс желілік үдеткіш сол бойы іске қосылған жоқ. Қаңтарылып тұрған қымбат құрылғыны іске қосу дәрігерлердің қолынан келмейді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бұл онкологиялық орталықтағы ең маңызды нысан. Яғни радиологиялық бункер. Қабырғалары қалың. Салмағы 2 тонналық есік өздігінен ашылмайды. Сәулелі терапия тағайындалған науқастар осы желілік үдеткіште емделеді. Соңғы үлгідегі құрылғы науқастың басқа ағзаларына кері әсерін тигізбейді. Ісіктің нақты формасы арқылы сәулемен емдейді. Құрылғы іске қосылған кезде күніне 70 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік береді екен.

Желілік үдеткіш орнатылған. Оны тек өндіруші компания өкілдері іске қосып, жөндеп беруі керек.

Тельман Әлғожин, Онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары:

- Құрылғыны іске қосу оңай шаруа емес. Уақытпен қатар аса дәлдікті талап етеді. Жұмыс екі-үш айға созылуы мүмкін. Мамандар елімізге қазан айында келеді деп жоспарланып отыр. Ал жөндеу жұмыстары желтоқсан айында аяқталады.

Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар бұл құрылғыға зор үміт артады. Себебі сәулемен емдеу ұзақтығы әдетте екі ай болса, желілік үдеткіш арқылы ол  бес-жеті күнге қысқарады.

Тельман Әлғожин, Онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары:

- Бұл құрылғының артықшылығы өте көп. Мәселен киберпышақ қызметін атап өтуге болады. Оның көмегімен аса тереңде жатқан ісікті сәулемен емдей аламыз

Онкогологтар дәлдігі жоғары қондырғымен жұмыс істеуді игерген. Мына қондырғы желілік үдеткішпен бірге келген. Қатерлі ісігі бар науқастар алдымен осы құрылғы арқылы тексеріледі.

Алмагүл Түсіп, Радиология бөлімі меңгерушісінің м.а.:

-Бұл бізде компьютерлік томограф деп аталады. Бұл стимулятор, ең бірінші сызықты желілік үдеткішке алыну үшін науқастарды ең алғашқы рет осы жерде жоспар жасаймыз. Қалай жатқызған дұрыс болады. Ісікті дұрыс қалай алу керек болады. Ең бірінші осы жерде жоспар жасаймыз.

Жуырда ауруды ерте бастан анықтауға бағытталған жұмыстар қайта жанданды. Тұрғындар өздері тіркеуде тұрған емханалары бойынша алдын алу және скринингтік тексерулерден өтіп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы