424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да коронавирустың екінші толқынына дайындық пысықталып жатыр

  • 120
  • UPD: 22:31, 09.09.2020

Батыс Қазақстан облысында соңғы тәулікте 3 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір инфекциялық ауруханада 53 науқас ем алып жатыр. Ауру жұқтыру дерегі жаз мезгілімен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. «Алайда, арқаны кеңге салуға әлі ерте», - дейді мамандар. Кеселдің екінші толқыны келсе, жағдай қайта күрт нашарлауы мүмкін. Көктемдегі қателіктер қайталанбас үшін қазір аймақта дайындық пысықталып жатыр.

Еркебұлан смадияров, тілші:

Дәл қазір облыстық клиникалық аурухананың 2-ғимаратында тұрмыз. Нысан провизорлық стационар ретінде пайдалануға берілген. Алғашында 248 төсек-орын жасақталған. Науқастар саны едәуір азайды. Қазір мұнда тек 13 науқас ем алып жатыр

Медицина тілінде «таза аумақ» саналатын бөлімде мамандар тиісті сараптамаларды тексеріп, науқастардың жағдайын қадағалап отырады.

Бақытжан Мерболат, реаниматолог:

- Әртүрлі жағдайда, дем жетіспеу, қызу көтерілу шағымдарымен түскен науқастарға біз алғашқы көмек көрсетіп, ары қарай коронавирустың зерттеу нәтижесін күтіп, одан кейін инфекциялық ауруханаға жолдаймыз.

Ал, қалалық көпбейінді аурухана дерт дендеген кезде толықтай инфекциялық стационар ретінде қолданылды. Мекемеге қауіпті кесел жұқтырған 2,5 мың науқас келіп түскен. Бүгінде аурулар сауығып, үйлеріне оралды. Ал медициналық мекеме осы аптадан бастап қалыпты жұмыс режиміне көшті.

Арман Қалыбеков, қалалық көпбейінді аурухананың директоры:

- Көпбейінді аурухана өз қалпына жұмысын бастап жатыр. Науқастарға жоспарлы және шұғыл түрде көмек көрсетіп жатырмыз. Поликлиникаларға хабарлама жолдадық. Науқастарды бізге жібереді.

Аймақта індеттің екінші толқынына дайындық шаралары қолға алынды. 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры дайындалған. Өкпені жасанды желдетуге арналған қосымша аппараттар мен ауылдық жерлерге қажетті көліктер сатып алу жоспарда.

Дархан Хайрушев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Денсаулық сақтау министрлігі арқылы облысқа 37 автокөлік келу керек. Реанимобильдер болу керек барлығы да. Оған қосымша тағы 20 көлікке келісімшарт жасақталуда. Ал қазан айының соңына дейін.37 транспорт келеді.

Өңірде індеттің ілмегіне ілінгендер саны 6795 болды. 100 адам көз жұмған. Әзірге науқастарға арналған 782 төсек-орын дайын тұр. Егер дерт қайта дендесе, қосымша 3 мыңнан астам орын дайындауға мүмкіндік бар. Оралда 200 орындық модульді инфекциялық аурухана салынып жатыр. Ғимаратты қараша айында қолданысқа беру жоспарланған.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы