426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда тұрғындары жылу маусымына өздері дайындалып жатыр

  • 151
  • UPD: 23:25, 09.09.2020

Елордадағы тұрғын үй кешендері жылу маусымына 90% дайын.

Әкімдік өкілдері осылай дейді. Бірақ іс жүзінде қалай? «Хабар 24» тілшісі Мерей Мұратханқызы қыстың қамын көктемнен бері уайымдай бастаған тұрғындармен кездесіп қайтты.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Сырты бүтін, іші түтін. Елордадағы мына зәулім үйді осылай ғана сипаттауға болады. Алыстан менмұндалайтын көрікті кешенде мыңға жуық пәтер бар. Тұрғындар болса, ПИК-ке қатты өкпелі.

Бақты Дадырова, қала тұрғыны:

- Алғашқы карантинді әрең өткердік. Жауын жауған сайын үйімізді су алады. Салдарынан жарықсыз қалған күніміз көп болды. Карантин біте сала Ағыбаев мырзаны шақырдық. Олар «олқылықты түзейміз» деп сөз берді. Бірақ уәде орындалған жоқ. Сөйтіп, өзіміз ақша жинап, жұмысшыларды жалдадық

Ағыбаев дегені тұрғын үйге қызмет көрсететін компанияның бас директоры. Пайдалануға берілгеніне бес-ақ жыл болған үйдің қазіргі жайы адам қызығарлықтай емес. Құбырлары шіріп біткен. Ал тұрғындар техникалық суды кәдеге жаратуға мәжбүр.

Әлихан Досмұханов, дәнекерлеуші:

- Тұрғындар жинаған ақшаға қажет жабдықтарды сатып алдық. Шіріген құбырларды ауыстырып, жөндедік. Қарапайым сорғылардың өзі жұмыс істемейді. Қысым бірде бар, бірде жоқ. Негізі мұның бәрін ПИК бақылап отыру қажет. Ондай жұмысты біз байқамадық. Мәселе мұнымен біткен жоқ. Енді екі жылу алмастырғышты ауыстыру керек. Өйткені қазір ыстық су мен суық су араласып жатыр. Яғни, адамдар техникалық сумен жуынып жүр. Бірақ бұл құрал 700-800 мың теңге тұрады. Тұрғындар оған ақша шығаруға міндетті емес.

«Бұл үй жылу маусымына толық дайын емес», - дейді мамандар. Күздің райы күнде құбылып тұр. Ал тұрғындардың мазасы қашқалы қашан. Жоғарыда сөз болған Азамат Ағыбаевпен тілдесіп көрдік. Ол «халықтың бас көтеруі негізсіз», дейді.

Азамат Ағыбаев, қызмет көрсету компаниясының бас директоры:

- Эксплуатациялық шығындарға күрделі жөндеу кірмейді. Тұрғындар өздері ұсыныс айтып, ақша жинады. Мен келістім. Бірақ атқарылған жұмыс бойынша хаттама мен басқа тұрғындардың келісімін дәлелдейтін сауалнама көрсетуді тапсырдым. Жалпы бұл үйде техникалық персоналдың бәрі бар. Бірақ темірдің мәңгілік емес екенін ұмытпау керек. Тұрғындар өз үйлеріне ие болмаса, оның бір жылда бүлінуі мүмкін ғой.

Қала билігі болса, ПИК-терін «жылу маусымына сақадай сай» деп отыр

Мақсат Есмағұлов, қалалық әкімдіктің отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

- Біз су электр желілерінде, сонымен қатар энергия көздерінде, ТЭЦ-1, ТЭЦ-2-де үлкен жұмыстар атқардық. Мысалы, ТЭЦ-тарда энергиялық агрегаттарды ремонтқа шығару, жөндеу бойынша өте көп жұмыстарды атқардық. Бүгінгі күні олардың дайындығы бізде 90%-тен асады. «Астанатеплотранзит» АҚ бойынша, яғни жылыту желілерінің дайындығы бізде 100%-ті құрайды. Астана РЭК және Астана су арнасы ұйымдары бойынша дайындық 90%-тен асады

«Қыстың қамын жаз ойла», дейді. Бірақ біз мысал еткен тұрғындар өткен жылу маусымы аяқтала сала қамдана бастаған. Бар мәселесін өздері ғана шешіп жатқанына налыған халық тиісті құжаттарды жинап жатыр. Лажы болса, үйге қызмет көрсету ұйымын ауыстырмақ ниеті бар.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы