421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

  • 111
  • UPD: 23:23, 09.09.2020

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іссапар Ақкөл ауданының Еңбек ауылынан басталды. Вице-премьер жергілікті инфрақұрылымды дамыту барысымен танысып, басқа да ауыл-аудандарды аралады.

Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарын Еңбек ауылындағы мәдени-спорттық кешеннен бастады. Биыл нысан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде толық жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 184 млн 100 мың теңге қаржы жұмсалды. Сонымен қатар ауылда жергілікті орта мектеп те жаңғыртылып жатыр.

Сәлима Шәріпова, Ақкөл аудандық мәдениет үйінің директоры:

- Мәдени-спорттық кешен ғимараты 1980 жылы пайдалануға берілді. Содан бері жөндеу көрмеді. Шатыры мен едені жаңартылды. Жаңа есіктер орнатылды. Қазір мұнда 9 үйірме бар. Барлығы 56 адам жазылған. Штатта 5 маман қызмет етеді. Ал спорттық залда 3 секция бар.

Ералы Тоғжанов Ақкөлден кейін Бұланды ауданына барды. Онда модульді қазандық құрылысының барысымен танысты. Жалпы құны 502 млн теңгеге тең жобаның 452 млн теңгесі жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бөлінді. Кейін Макинск қаласындағы блок-модульді қазандық құрылысы да назарға алынды. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 250 млн теңге бөлінген. Қазандық көп пәтерлі тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары Бурабай ауданындағы Щучье қаласында жалғасты. Онда Мичурин көшесінде орташа деңгейлі жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұзақтығы шамамен 5 шақырым болатын учаскені қалыпқа келтіру үшін бағдарлама аясында 325 млн 800 мың теңге қаржы қарастырылған.

Щучье қаласындағы бұл емхана мемлекеттік жеке әріптестік шеңберінде жеке инвестициялар есебінен салынды. Құны 4 жарым млрд теңге.

Юлия Гагаркина, «Авиценна-Бурабай» ЖШС құрылтайшысы:

- 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік келісіміне қол қойдық. Келісім мерзімі 30 жыл болатын. Аталған құжат шеңберінде біз орталық аудандық ауруханасын жөндеуден өткіздік. Тағы да жаңа клиника салып жатырмыз. Қазір осының бәрін мемлекет меншігіне өткізіп жатырмыз. Бұл медициналық мекеме 75 мың тұрғынға қызмет көрсетеді.

Кезек облыс орталығына да келді. Көкшетаудағы «Болашақ сарайының» құрылысына оң баға берілді. Жобаның сметалық құны 10 млрд 600 млн теңге. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 950 млн теңге және республикалық бюджеттен 8 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінген.

Сонымен қатар делегация облыстағы ең ірі машина құрастыру кәсіпорнына барды. Онкологиялық аурухана мен 200 жатын орны бар модульді поликлиника құрылысын да көрді. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Жоба құны 7 млрд 200 млн теңге.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Евгений Щинкоренко

Хабар 24 телеарнасы