429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда ескі үйлері сүруілуі керек тұрғындар тығырыққа тірелді

  • 143
  • UPD: 10:28, 10.09.2020

Петропавлда жеке секторда тұратын 10 шақты үй тұрғындары тығырыққа тірелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға ескі үйлері не сүрілуі, не ақшасы төленуі, не болмаса жаңа қоныс берілуі керек-ті. Қыс та келіп қалды. Ал уәденің орындалар түрі жоқ.

Гүлбану Тасмағамбетова күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Себебі мамыр айында аула маңында көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталыпты. Нысанның қазығы қағылған сайын баспанасы да қисайып барады.

Гүлбану Тасмағамбетова, қала тұрғыны:

- Қыс жақындап келе жатыр, не істейтінімізді білмейміз. Пеш те жарылып кетті. Жауабын күтіп отырмыз. Не боларын білмейміз.

«5 Сенной өткелі көшесіндегі 10 шақты үй сүріледі» деп әкімдіктегілер халықты құрғақ уәдемен үшінші жыл қатарынан сендіріп келеді. Салдарынан тұрғындар биыл бау-бақша екпей, қысқа да қамданбаған.

Светлана Ус, қала тұрғыны:

- Құжаттарымызды осымен үшінші мәрте өткізіп жатырмыз. Көктемде: «Пәтер іздей беріңдер, биыл көшіреміз», – деді. Енді қыс жақындағанда басқаша сөйлеп отыр. Халық алдағы қысқа еш дайын емес. Қора-қопсы салуға да рұқсат жоқ. Не істерімізді білмей далмыз.

Бұл жерде көпқабатты тұрғын үйлер бой көтереді. Құрылыс жұмыстары тіпті кейбір үйдің ауласына дейін кіріп кеткен.

Гүлбану Тасмағамбетова, қала тұрғыны:

- Мынадай сұмдық болып жатыр. Бізден сұрамастан үйдің артындағы бақшаны алып тастап жатыр. Бәрін қазып жатыр. Мінеки, енді жол да жоқ. Балалар ойнайтын жер жоқ.

Қалалық әкімдіктегілер бұл мәселеден хабардар. Бірақ нақты шешім әлі жоқ.

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл тұрғындарға үй беру үшін конкурс енді басталды. Әзірге оның қашан аяқталатынын айту қиын. Оларға баспанаға сай қаражат беріледі не болмаса пәтер алу ұсынылады. Ал тұрғындарды биылдан қалмай көшіреміз деген ақпар жалған.

Қылышын сүйеген қыс жақын. Халық осыдан үрейленіп отыр. Өйткені күрмеуі көп сұрақ нақты қашан тарқатылатыны белгісіз.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы