421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық тұрғындар бетон зауытының жұмысына наразылық білдірді

  • 91
  • UPD: 10:39, 10.09.2020

Тұрғындардың айтуынша, зауыт қоршаған ортаға зиян келтіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өндірістен шығатын шаң-тозаң айналаны ластап жатыр. Салдарынан зауыт жанында тұратын жандардың демікпелері қозып, аллергияға ұшырай бастаған. Алайда зауыт басшылығы: «Экологияға ешқандай нұқсан келтіріп жатқан жоқпыз», – дейді.

Зейнеткер Ирина Лезина – осы көшенің байырғы тұрғыны. Жылда мол өнім беретін бақшасындағы жүзімдігі биыл ерте қурады. Өйткені өсімдік жапырақтарына бетон зауытынан шығатын цементтің аппақ қалдықтары қонады. Бұл бір ғана зейнеткердің басындағы жағдай емес. Көршілерінде де дәл осындай. Барлығы жиналып, зауыт басшылығына жағдайларын айтумен келеді. Тіпті Жетісу аудандық әкімдігіне де бірнеше мәрте арызданған.

Меруерт Аждарова, қала тұрғыны:

- Адамдардың көбі бронх демікпесі секілді тыныс жолдары аурулармен ауырып жатыр. Өйткені зауыттан көптеген зиянды қалдық шығады.

Бетон шығаратын зауыт өкілдерінің өз уәжі бар. Өндіріс барлық экологиялық талапқа сай жұмыс істейтін көрінеді. Биыл аудандық санитарлық қызмет пен Экологиялық бақылау департаментінің өкілдері бетон зауытына екі рет тексеріспен барып, ешқандай заң бұзушылық таппаған сыңайлы. 

Мұрат Нұрдәулетов, бетон зауытының бас инженері:

- Біздің экология, СЭС бойынша құрылтай құжаттары – бәрі нақты, орнықты. Ешқандай заңды бұзған жоқпыз. Сағат түнгі 22:00-ға дейін жұмыс істейміз.

Бірақ күніне 700 текше метр бетон шығаратын зауыттан «қоршаған ортаға ешқандай зиянды қалдық шықпайды» дегенге сену қиын. «Келеңсіз жағдайға тап болдық» деген тұрғындар енді тәуелсіз экологиялық сараптаманың көмегіне жүгінбек. «Егер жағдай түзелмесе, сотқа арызданамыз», – дейді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы