420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында шаруаларға несие беру автоматтандырылды

  • 130
  • UPD: 22:53, 10.09.2020

Ауыл тұрғындары мал шаруашылығын дамытуға бағытталған несиеге өтінімді үйінде отырып-ақ онлайн бере алатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында берілетін несие осылай қашықтан және жылдам рәсімделеді. Жаңа жүйе әзірге Ақмола және Алматы облыстарының шаруаларына қолжетімді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры пилоттық жобаны басқа облыстарға да енгізуді жоспарлап отыр.

Алматы облысы, Қайназар ауылының тұрғыны Анапия Аймұханның 200-ге жуық қойы бар. Бұл кәсіпті ол мемлекеттен 6% несие алу арқылы бастаған. Ол үстемақысы аз тиімді несиені бір емес, екі рет алған екен.

Аймұхан Анапия, шаруа:

– Енді ол кезде бізде 10-13 түрлі құжат жинайтынбыз. ХҚКО-да кезекте тұратынбыз. Қалаға жиі бару да шығын болатын. Кем дегенде 1-1,5 айда алатынбыз.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға берілетін несиені автоматтандыру жүйесіне көшірді. Яғни шаруа үйінде отырып-ақ 4 млн теңгеге дейінгі сомадағы несиеге онлайн түрде өтінім бере алады. Кәсібімді одан әрі дамытамын деген Аймұхан Анапия бүгін үшінші рет несиеге өтінім берді. Оның онлайн-өтінімі лезде мақұлданды.

Жандар Омаров, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы:

– Қазіргі таңда оларға жеке куәлік, электрондық цифрлық қолтаңба және мүліктің құжаттары ғана жеткілікті. Алдын ала шешім 10-15 минуттың ішінде шығады. Соңғы шешімнің мерзімі 15 күннен 5 күнге дейін қысқартылды.

Автоматтандыруды жете түсінбеймін деген шаруалар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының кеңсесіне келіп, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында кеңесшілердің көмегімен несиеге онлайн-өтінім бере алады. Жалпы қыркүйек айының басынан бері 65 шаруа онлайн-өтініш берген. Енді олар тек қордың бөлімшесіне келіп келісімшартқа қол қойса болғаны.

Авторлары: Алуа Маханбет, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы