426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да бұрынғы уран кен орындары әлі ашық жатыр

  • 132
  • UPD: 23:09, 10.09.2020

Солтүстік Қазақстан облысында уран шахталары бірнеше жылдан бері ашық жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпті аумақтан құрылысқа қажетті металл, кірпіш сынды материалдарды халық қолды қылған. Ал негізінен мұнда адам аяғы баспауы керек. Себебі бұл жер радиация бөледі. Аумақта қоршау, белгі деген атымен жоқ. Тіпті кейбірі әлі күнге әкімдіктің иелігіне өтпеген.

Бұл – бір кездері дүркіреп тұрған Грачевское кен орны. Өткен ғасырда мұнда уран өндірілген. Бүгінгі сиқы осы. Ғимараттардың барлығы қираған. Құдды бір соғыстан кейінгі көрініс секілді. Оның үстіне кешенді ауыл тұрғындары тонап әкеткен. Өйткені нысан бірнеше жылдан бері иесіз. 

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Солтүстік Қазақстан облысындағы бұрыңғы кен орындары қазір қараусыз қалған. Ашық қалған ғимараттарды жергілікті тұрғындар құрылыс материалдарына бұзып алып жатыр. Бұл бірінші кезекте қоршаған ортаға ғана емес, сондай-ақ адам денсаулығына зиянды деп экологтар дабыл қағуда.

Мамандар қазір арнайы құрылғының көмегімен тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауаға тарайтын радиацияның көрсеткіші әр жерде әртүрлі. 

Айман Хамзина, облыстық экология департаментінің бөлім жетекшісі:

– Кәріз құбырларымен құдықтың маңайында гамма сәулесінің деңгейі көтермеді. Нақты айтсақ, құрылғы сағатына 0,52 микрозиверді көрсетіп тұр. Бұл дегеніміз санитарлық талап бойынша қалыпты нормадан артық емес.

Бүгінде облыста осындай бес кеніш бар. Оның әрқайсысын жекеменшікке өткізу үшін 1,5 миллион, ал консервациялауға жарты миллиард теңгедей қаражат қажет.

Ерболат Омаров, облыстық экология департаментінің басшысы:

– Алаңның өзі де, көлемі өте үлкен. Осы қазіргі уақытта тұрғанда 60 гектардан астам жер. Мұнда бір емес, он шақты ғимарат тұр. Оның бәрін қалпына келтіру үлкен қаражатты талап етеді. Әкімдіктің мәліметі бойынша мұндай қаражат, жергілікті бюджеттен қарастыру қиындау болады. Біріншіден денсаулықтарына және өміріне қауіпті. Жаңағы айтқандай ғимараттардың ішінде қазір шахталардың беті ашық тұр.

Желтоқсан айының соңына дейін Айыртау және Ғабит Мүсірепов аудандарында орналасқан бұл шахталарда қорғаныс қабаты жабылып, кешен қоршалуы керек. Кейін арнайы белгілер орнатылуы шарт. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар арнайы іс-жоспар бекітілген. Алайда ол әлі күнге тиісті деңгейде орындалмай отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы