426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада көмір қоры жеткілікті

  • 119
  • UPD: 22:56, 10.09.2020

Биыл елімізде 10 млн тонна көмір пайдаланылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар қатты отынға сұраныс толық өтелетінін айтады. Өйткені індет кесірі бұл салаға әсер етпеген. Өндіріс қарқыны азайған жоқ. Бірақ делдардардың ісі бағаны құбылтуы мүмкін. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?

Нұреке Әлібаев – 5 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты әке. Аядай үйін жылыту үшін 3 тонна көмір алып қойыпты. Әзірге шамасы жеткені осы. Қысқа тақау тағы 5 тоннасын алу керек дейді. Балаларының қамын ойлаған әке үйіне көгілдір отынның келуін күтіп жүр.

Нұреке Әлібаев, қала тұрғыны:

– Міне, үйдің бәрін қараңыз, үйдің іші қап-қара. Түтіндейді. Бықсиды. Үйдің бәрі ыс. Әйнектерді ашамыз. Қыс болса да, ол біраз жанып жатады, кейде жанбай қалады. Көмірлер де қазір жаман деп айта алмаймын, бірақ бықсиды. Газ келсе, қуанар едік.

Биыл 8000 үйге көгілдір отын қосылады. Осылайша елордалықтар 3 кезеңге межеленген ауқымды жұмыстың алғашқы нәтижесін көретін болады. Бүгінде мыңға жуық адам техникалық шартты алу бойынша кеңес алған. Газ тартумен 40 компания айналысады.

Мақсат Есмағұлов, қалалық әкімдіктің отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

– Биылғы жылы біз Железнодорожный ТА, Көктал 2, Көктал1 және агроқалашықтың шағын бөлігін газға қосу жоспарланып отыр. Оның барлығы қыркүйек айының соңында қосыла бастайды. Олардың барлығына техникалық шарттар беріледі. Бүгінгі күні 150-ден астам техникалық шарт берілген.

Қыстан қысылмай шығудың қамы жазда басталды. Бірақ тасымал шығындарына байланысты көмір бағасы 200 теңгеге өсіпті. Мамандар делдардарға сеніп, қымбатына ұрынбау үшін 109 нөмірінен арнайы сату орындарын анықтап алуға кеңес береді.

Мақсат Есмағұлов, қалалық әкімдіктің отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

– Бүгінгі күні қалада көмір сататын 11 орын бар. Олар 7 негізгі компанияға тиесілі. 11 аталған орында көмір қоры 20 мың тоннаны құрайды. Көмірдің бағасы бізде бірқалыпты. Жыл сайын 7 компаниямен меморандумдарға қол қоямыз. Соған сәйкес бүкіл жерде көмірдің бағасы бірдей.

Пандемия өндіріске әсер еткен жоқ. Жыл басынан бері 70 млн тоннаға жуық көмір өндірілді. Ал биылғы жылу маусымына 10 млн тоннасы қажет. Оның 7 млн-ы қарапайым халыққа тиесілі. Қазірдің өзінде 5 млн-ға жуық қатты отын сатылымға шыққан.

Саят Исатов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бас сарапшысы:

– Энергия өндіруші компанияларға 37 млн тонна көмір жөнелтілді. Ол былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға жоғары. Сонымен қатар коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа 4,6 млн тонна көмір жөнелтілді. Барлық көмір өндіруші кәсіпорындардың техникалық мүмкіндіктері бар. Қажетті көлемде көмірге деген сұранысты толық қамтамасыз етуге дайын.

Бірақ бағаны бірдей ұстап тұру мүмкін емес. Өйткені, мемлекеттің нарықты бақылауға құзыры жоқ. Сондықтан, бірнеше министрлік Президент Жолдауында көрсетілгендей, көмірдің биржалық сатылымын жүйелеуге кірісті.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Марат Диханбаев, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы