420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы «Көкжайлау» мемлекет меншігіне қайтарылады

  • 120
  • UPD: 22:52, 10.09.2020

Алматыдағы «Көкжайлау» «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің иелігіне қайтарылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

2014 жылы дәл осы парк аумағынан мың гектар жер тау-шаңғы кешенін салу үшін жекеге берілген еді. Содан бері табиғи аумақтың айналасында дау-дамай басылмай келді. Енді бұл мәселеге нүкте қойылған сияқты.

Алматыдағы «Көкжайлау» мен Көкшедегі Бурабайдың мәселесі бүгін Сенат отырысында қаралды. ҚР заңнамалық актілеріне Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын сенаторлар бірінші оқылымда мақұлдады.

Соған сәйкес 6 жылдан бері өз мақсатында пайдаланылмаған жерлер ұлттық парктің иелігіне кері қайтарылмақ. 

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бізде ұлттық парктердің жерін алып аламыз. Басқа мақсатқа жұмсаймыз. Ал мына экологиялық сараптама жеңілдетілген түрмен кетіп барамыз. Сараптамаға қоғамдық ұйымдар қатысу керек. Олардың пікірін біз білуіміз керек. Мысалы, Іле-Алатауының паркінде егер де кезінде ол сараптаманы жақсылап жүргізетін болса экология министрлігі, қоғамның пікірін қабылдайтын болса онда ондай жағдай болмайтын еді. Президент кіріскеннен кейін ұлттық парктің 1 мың гектар жері қайта қайтарылып отыр. Бұл шыныныда да елдің болашағы. Ұлтымыздың байлығы, игілігі.

Жалпы Көкжайлау курорттық жобасы 2002 жылдан бері қызу талқыланып келеді. Шатқалға тау-шаңғы кешенін салудың жобалық-сметалық құжаттамасы мен техникалық экономикалық негіздемесі де жасалып қойған. Сол бойынша демалыс аймағына күніне 5 мың адам кіре алады, шаңғы трассасының ұзындығын 25 километр болады деп жоспарланған. Алайда бұған табиғатты қорғаушылар наразылық білдіріп келген еді. «Көкжайлауда» құрылыс бастап, инфрақұрылымдық нысандарды салу қала экологиясына зиян келтіретіні туралы көптеген мысалдар келтірген. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапары кезінде «Көкжайлау курорты» керек емес деп нақты шешімін айтқан еді. 

Ажар Жандосова, «Көкжайлауды сақтайық» белсенділер тобының мүшесі:

– «Көкжайлауды сақтайық» деген арыз-шағымдарымызға билік құлақ асты деп ойлаймын. Біз табиғи аймақтың бүлінбеуі үшін күрестік. 6 жыл бұрын 50 мың адамның қолы қойылған петицияны Үкіметке жолдадық. Жалпы бұл мәселені зерттеуге шетелдік білікті сарапшылар да келді. Әрине, қазір аталған аймақтың мемлекет иелігіне қайтарылып жатқаны өте дұрыс шешім болды.

Тау-шаңғы кешенімен қоса, экологиялық туризмді дамыту қажет. Жазиралы мекенде еркін серуендеп, саяхат жасағанға не жетсін. Бірақ, әуелгі кезден-ақ «Көкжайлау» жобасында экологияны сақтау емес, коммерциялық пиғыл басым екені анық аңғарылған дейді экологтар.

Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы