420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Екібастұздағы жылу желілерінің 82%-і тозған

  • 91
  • UPD: 10:56, 11.09.2020

Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы жылу желілерінің 82%-і тозған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл кеншілер шаһарындағы жылдар бойы шешімін таппаған ең өзекті мәселе. Жыл сайын қыс мезгілінде жылуға жарымай дірдек қаққан тұрғындар әкімдікке шағымдарын қарша боратады. Бұл жағдай коммуналдық саланың да әбден ығырын шығарған. Өйткені қақаған аязда тозығы жеткен жылу құбырларын жамап-жасқау оңай емес. Бірақ биыл сең қозғалған сыңайлы. Бірнеше жерде жылу магистралі ауыстырылып жатыр. Бірақ одан мәселе түбегейлі шешілмейді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Көп қабатты үйдің тұрғындары шағымдарын айтып бірінші Айғайша Әлімбаеваға келеді. Ол басшылық ететін Пәтер иеленуші кооперативі 30 тұрғын үй, бірнеше әлеуметтік мекемеге қызмет көрсетеді. Бұл Екібастұздағы ең ескі шағын аудан. Соңғы 30 жылда жылу жүйесі бір рет те жөндеу көрмеген. Шіріп кеткен құбырлар жамауға да келмейді.

Айғайша Әлімбаева, Пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

- Бірінші қатарда тұрған үйлер жылынады. Қалғандарына қысым жетпейді. Жылу маусымына дайындық барысында құбырлар тексеруден өткізіледі. Сол кезде тозған  құбырлар әр жерден жарылып, үйлердің жертөлелерін су басады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бес қабатты бұл үйлер 2013 жылы жаңғыртудан өткен болатын. Жылу жүретін құбырлар мен тораптар ауыстырылды. Бірақ жылу мәселесі оң шешімін табар деген халықтың үміті ақталмады. Олқылықты түбегейлі жою үшін негізгі жылу трассасын ауыстыру керек екен. Сол мүмкіндікке енді ғана қол жетті.

Евгений Горварт, Жылу тарату ұйымы бас инженерінің орынбасары:

- Жылумен қамту жүйесіне шағым өте көп. Жылу беру сапасын арттыру үшін техникалық шешімге сәйкес құбырлардың диаметрін үлкейту керек болды. Алдағы маусымда бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

Қазір шамамен 600 метрдей жылу магистралі ауыстырылып, құбырлардың сырты қапталып жатыр. Қазылған орлар мен бұзылған жолдар қыс басталғанша қалпына келтірілмек. Дәл осындай жұмыс жекеменшік тұрғын үй секторында да қарқын алған. Бұл ауданның тұрғындары да қысымның аздығын айтып шағымданады. Жылу барлық үйге біркелкі берілмейді.

Әлиасқар Ізбасаров, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Жылу бергенде кейбір үйге жетеді, кейбір үйлерге жетпей қалады. Бірде сұрасаң, қысым дейді. ТЭЦ келгенде қысымын көтереді, жақсы болады. Судың қысымы болмайды. Кей кезде мына көршілер шағым айтады. Бізде жылы болса, көршіге нашар келіп жатады.

Жылумен қамту ұйымының мамандары «жылыту маусымына тұрғындардың өздері де асталысуы керек» дейді. Әр тұтынушы үй ішіндегі жылуды реттеуі тиіс екен.

Жанбек әжіғұлов, Жылу тарату ұйымының учаске басшысы міндетін атқарушы:

- Осы жылдан бастап міне, жүйе құбырларын тартып жатырмыз. 760 метр осы көше. Олардың бәрі шағым болған жылудан былтыр қыста. Биыл енді сол мәселелердің бәрін шешеміз, жылу құбырларын жаңадан тартып жатырмыз.

Екібастұздағы жылу жүйесінің сапасына сын көп. Қала бойынша биыл  үш шақырым жылу құбыр ауыстырылады.

Серік Уахит, Екібастұз қаласы түкш бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазіргі уақытта біздің Екібастұз қаласында 82% жылу құбырлары нашар болып тұр. Енді 2025 жылға дейін жыл сайын 10 шақырымнан ауыстырып, 30%-ке дейін төмендетеміз.

Екібастұзда тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына қатысты мәселе жетіп артылады. Көп қабатты үйлердің төбелері тозған. Жаңбыр жауса, су сорғалайды. Оны қалпына келтіруге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 300 миллион теңге бөлініпті.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы