426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Судан тарыққан түркістандық шаруалардың мәселесі шешілетін болды

  • 90
  • UPD: 12:01, 11.09.2020

Судан тарыққан шаруалардың мәселесі шешілетін болды.

Бұған дейін Түркістан облысы Отырар ауданының диқандары алажаздай ағынсудың азабын көріп келе жатқаны жайында бірнеше рет айтқан болатынбыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауданға арнайы барып, шаруалармен кездескен «ҚазСуШар» республикалық кәсіпорнының облыстық бөлімшесінің басшысы бұл мәселені түбегейлі шешетінін айтты. Диқандарды діңкелеткен түйіткіл қалай тарқатылады?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Тіршілік нәрінен тарығып, қураудың аз-ақ алдында тұрған мына дақылдарды біз осыдан бір ай бұрын таспалағанбыз. Ұзындағы 41 шақырым болатын Алтынбеков каналының бойында 4-5 елді мекен, 13 мың гектар суғармалы жер бар. Жылда жаз ортасына қарай етектегі егіс алқаптарына су жетпей қалады. Шырылдаған шаруалар шырғалаңға түседі. Соның салдарынан жүз гектардан астам жүгері, жоңыршқа, бақша дақылдары жеміс бермейді. Еткен еңбек еш кетеді. Әбден ашынған ауыл тұрғындары бұл мәселені бірнеше мәрте көтерді.

Осыдан кейін жауапты сала мамандары іле-шала Қараспан су қоймасынан қосымша 9 текше метр су бөлдіргенімен, етектегі ағайынға жеткенше жол-жөнекей жырымдап, ұрлайтындар көбейді. Ауданға арнайы келіп, түйткілмен терең танысқан «ҚазСуШар» бөлімшесінің басшысына шаруалар өз ұсыныстарын айтты.

Сапарбай Жұмабаев, шаруа:

- Бізге Ақым жақтағы суды қосып берсе, Қызылтуда су сорғышы қойылған жер бар, сол жерге 5 су сорғыш қойып берсе, біз судан таршылық көрмейміз. Өйткені бірде жауын жауады, бірде жаумайды. Бірде қар болады, бірде қар болмайды. Ал Сырдариядан біз тартып аламыз. Ел бір гектарға 2000 теңгеден ішсе де, 4 мыңнан ішсе де, егінін суғарып ішеді.

Шаруалардың айтып отырғаны: «Алтынбеков каналындағы су бізге толық жетпейді, сондықтан Сырдарияның бойына су сорғыш қойып берсе» дейді. Себебі, Алтынбеков каналы бірнеше жылдан бері тазаланбаған, іші шөп-шалаңға толып, су дұрыс ақпайды. Ал суға жауапты мамандар «Алтынбеков каналын толық тазалаудан өткізіп, бетондап береміз», деп отыр. «Сонда ағын су жол-жөнекей ысырап болмай, діттеген жеріне еш кедергісіз жетеді», дейді.

Дархан Ысқақ, «ҚазСуШар» РМК Түркістан филиалының бас инженері:

Қазіргі таңда 17 шақырымы бетондалған. Қалған 24 шақырымын 2 жобамыз бар, құны 2,1 млрд теңге болатын. Бас директордың қолдауымен ендігі жылы жоспарға кіргіземіз республикалық бюджеттен қаражат сұрап, сол кезде су өткізу қабілеті жоғарылайды. Қазір біз құр отырмай, өзіміздің техниканың көмегімен 9 шақырымға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оған дейін 6 шақырымын тазалап қойдық.

Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 574 мың гектар суармалы алқап бар. «ҚазСуШардың» облыстық бөлімшесі соның 313 мың гектарын ағын сумен қамтамасыз етеді. «Биылғы суғару кезеңі су тапшылығына байланысты күрделі өтті», - дейді мамандар. Жауын-шашынның аз болуына байланысты өзен-көлдер мен су қоймаларынан келетін су мөлшері 30%-ке азайған. Дегенмен, бүгінгі таңда өңірдегі суару науқаны 95% аяқталды. Қазіргі таңда өңірде суғармалы жүйелерді қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізуде.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы