420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шахан кентіндегі жылу станциясының құрылысы тағы шегерілді

  • 76
  • UPD: 19:51, 11.09.2020

Қарағанды облысындағы Шахан кентінің тұрғындары қысты тағы көмірмен қарсы алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі орталық жылу жүйесінің құрылысы биыл аяқталмайды. Станция құрылысы 2021 жылдың аяғына дейін шегерілді. Бұған мердігер компанияның ауысуы себеп болған. Айта кетейік, 2017 жылы Шахандағы көпқабатты үй жертөлесінде орналасқан пештің жарылуы салдарынан 9 адам қайтыс болған еді.

Осыдан 3 жыл бұрынғы қайғылы оқиғадан кейін орталық жылу станциясын салады дегенде қуанбаған жан қалмаған. Алайда сол жылы басталған құрылыстың бітер түрі жоқ. Сондықтан тұрғындар биылғы қысқа да ерте қамдана бастаған.

Бір қарағанда бұл кәдімгі үйдің кіреберісі сияқты. Үш бірдей отбасы тұратын. Алайда мұнда ғана адамдар тұрады. Оны түбіртек көрсетіп тұр. Ал мына 3 бөлмелі пәтерді тұрғындар көмір қора қылып алған. Ішінде 5 тонна көмір жатыр. Пеш тұтататын отыны бар. Ал мына жерге күл төгеді. Себебі сақылдаған сары аязда сыртқа шығып отын жарып, көмір тасу әсіресе егде тартқан адамдарға қиынның қиыны.

Ал 81 жасқа қараған Роза Каргинаның , бейнелеп айтқанда, тапқырлығында тіпті сөз жоқ. Ол екі бөлмелі пәтерінің біріне қысқы отын-суын дайындап қойған. «Өйтпеске шарам қалмады», – деп күйінеді кейуана.

Роза Каргина, Шахан кентінің тұрғыны:

– Менің сырттан көмір әкелетін шамам жоқ. Сондықтан екі бөлмелі пәтерімнің бір бөлмесін отын-суға лайықтап алдым. Биыл қысқа ерте қамданбасам, болмайды. Мынау – отын, мынау – көмір. Өзім арғы жақ бөлмеде жата беремін.

Аталған жобаға ел қазынасынан 2 млрд теңге бөлінген. Алғашқы мердігер барлық талапты орындай алмағандықтан, келісімшарт біржақты бұзылып, қазір жаңа мердігер анықталған. Содан бері құрылыстың тамырына қайтадан қан жүгіре бастапты.

Жанболат Төребаев, Шахтинск қаласының Құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Құрылыс мерзімі 14 айға ұзартылды. Шамамен 2021 жылы қараша айына дейін қосылады. Ол мердігермен сот әлі де жалғасып жатыр, бірақ біз осында жұмысты жүргізе береміз.

Ғалым Өмірбеков, Шахан кентінің әкімі:

– Бұған қосымша Шахан кентінің ішінде жылу жүйелері салынып жатыр. 500 метрі салынды. Жыл соңына дейін тағы 1,5 шақырымға жеткізу керек. Шаханда 117 көпқабатты үй бар. Соның 21-і орталықтан жылу алады. Қалған 20% электрмен жылытады. Қалған 70%-ы үйлерінде пеш жағады.

Атап өткен жөн, жылу жүйесі жеке бір жоба болса, кенттің ішінде жылу құбырларын жүргізу екінші жоба болып есептеледі. Ал көпқабатты үйлерді сол орталық жылу магистраліне қосу үшін тұрғындар өздері қаржы төлейді. Әкімнің есебінше, бұл сома кемінде 50-60 мың теңге көлемінде болуы мүмкін. Бұл мәселе де ел арасында біраз дау-дамай тудыратын түрі бар. Себебі кентте әлеуметтік әлсіз топ санатындағы тұрғындар көп.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы