426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдық саяжай тұрғындары жанайқайын жеткізді

  • 137
  • UPD: 19:59, 11.09.2020

Оралда саяжай тұрғындары қолайлы жағдайдың жоқтығын айтып, жергілікті билікке шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Волна» саяжай қауымдастығында 500-ден аса бау-бақша телімі бар. Алайда көшелерде жол жоқ. Қоғамдық көліктер мүлде қатынамайды. Жауын-шашын күндері балалар мектепке бара алмайды. «Қауымдастық төрағасы жиналған жарнаны мақсатты пайдаланбайды» деген бағбандардың жанайқайын сол өңірдегі тілшіміз тыңдап қайтты.

Бұл саяжай бірлестігінде 70 шақты отбасы жыл он екі ай тұрып жатыр. Автобус қатынамаған соң балалар сабаққа бара алмайды. Су да жиі тоқтап қалады. «Қоқыс төгетін контейнерлер мүлдем жоқ», – дейді қауымдастық мүшелері. 

Александр Калугин, бағбан:

– Мұнда 1965 жылдан бері тұрып келемін. Саяжай қауымдастығын біз құрдық. Мұнда автобустар қатынаса екен дейміз. Тым құрыса күніне тек 2 рет: таңертең және кешке келсе де, жетеді. Әйтпесе көбісі жаяу келіп-кетіп жүр. Мен вилосипедпен жүремін.

«Бау-бақша өсірушілер жиналған қаржы мақсатты жұмсалмайды және қаржылық есеп жүргізілмейді», – деп налиды. Ал саяжай қауымдастығы төрағасының айтуынша, түйткілді мәселелерді шешуге жарнадан түскен қаржы жеткіліксіз.

Виктор Демидов, «Волна» саяжай қауымдастығының төрағасы:

– Жылына тек 14 мың теңге. Ал олар жол тазалауды сұрайды. Көктемде жолды 4 сағат тазалап, 48 мың тг алды. Жолды тазалаудың өзіне осынша ақша кетеді. Ал жарық жүйесіне келсек, жарық бағаналары ескі. Бұған біз ақша жинамадық. Қазір бізде 5 млн теңге қалды. Ал тұрғындар: «Сол қаржыны жымқырдың», – дейді. Бұл – жалған. Заңнамаға сәйкес қайта қарау комиссиясы жылдық есеп алдында ғана тексереді. Ал есептік кездесу кем дегенде жылына 1 рет өтеді. Биыл пандемияға байланысты ешқандай жиын болмады.

«Волна» саяжай қауымдастығының тұрғындары осындай олқылықтарды алға тартып, жергілікті билік пен құқық қорғау органдарына шағымданған. Айта кетерлігі, қала аумағында осындай 140 саяжай қауымдастығы бар. Атаулары өзге болғанымен, оларды толғандырған мәселе ортақ.

Авторлары: Еркебұлан Смайдаров, Руслан Ғазизов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы