426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Текелі қаласының тұрғындары екі жыл бойы жалақыларын ала алмай жүр

  • 109
  • UPD: 20:05, 11.09.2020

Текелі қаласының 40 шақты тұрғыны еңбекақыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалақысын даулаған жұртшылық бүгін бас көтеріп, тілшілер қауымына базынасын айтты. Жиналғандардың мәлімдеуінше, «Жетісу-Гранит» серіктестігі қызметкерлеріне 22 млн теңге берешек екен. Өндіріс өкілдерінің құрғақ уәдесіне сенуден қалған еңбеккерлер әділдік талап етті.

Әділдік іздеген Текелі қаласының тұрғындары екі жылдан бері еңбекақыларын даулап келеді. Жұмысшылардың айтуынша, өндіріс орны оларға қомақты қаржы төлеуі тиіс екен.

Наталья Шокарева, Текелі қаласының тұрғыны:

– Бүгінгі күні өндіріс орнының 30-35 адамға қарызы – 22 млн теңге. Біз оларды сотқа беріп, Текелідегі сотты және экономикалық сотты жеңіп алдық. Барлық жерде төлеп беруі тиіс дегенді айтады. Бірақ жалақы берілмеді.

Серіктестік әрбір жұмысшыға 50 мыңнан 2 млн 700 мың теңге аралығында беруі керек екен. Айлық ақшасынан үмітін үзгендердің кейбірі тіпті жалақысын сұрауды да қойыпты. Ал маңдай терінің өтемін табандылықпен талап етіп жүргендер қарызға белшесінен батқанын айтады. 

Евгений Балгеймер, Текелі қаласының тұрғыны:

– 2 жыл 7 ай ақша алмадым. Жалақыға сеніп, бәрінен қарыз алып болдым. Қазір маған ешкім қарыз бермейді. Бала-шағаны да бағу керек.

Олег Луговских, Текелі қаласының тұрғыны:

- Бір жылда 3 жалақымды ғана толық алдым. Одан кейінгі уақытта бөліп-жарып берді. Дәнекерлеу жұмысын жасағаным үшін 30 мың теңгем қалсын, кран жүргізушісі ретіндегі жалақымды төлеп берсе болды.

Аталған компания 2013-2018 жылдар аралығында Ақсу ауданында гранит өндірген. Екі жыл бұрын қызметін уақытша тоқтатқан мекемеде қазір есепші ғана жұмыс істейді. Оның өзіне серіктестік 2 млн теңгедей берешек екен. Маман жұмысшылардың талабын жауаптыларға жеткізді. 

«Жалақыны бүгін төлейміз» деген компания өкілінің айтқаны осы жолы да орындалмады. Ал құзырлы орган өкілдері: «Сотқа жүгінгендердің еңбекақысын міндетті түрде өндіріп береміз», – деп отыр.

Асан Сейдіғаппар, облыстық Әділет департаментінің бөлім басшысы:

– Департамент тарапынан «Жетісу-Гранит» ЖШС директорының орынбасарымен сұхбат жүргізілген болатын. Сол сұхбаттың нәтижесінде сол сот шешімі орындалуы тиіс екені жеткізілді. Өндіріп алушыларға бір-екі күн ішінде өздерінің айлықтарын қайтарып беру жоспарлануда. Аталған іс департаменттің бақылауында екенін хабарлаймыз.

Қарапайым жұмысшылардың біразы сотқа шағымданбаған. Екі жыл бұрын берілуі тиіс жалақы олардың қолына қашан тиетіні әзірге белгісіз.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы