426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Ауыл» партиясы Маңғыстау облысындағы зиялы қауыммен жүздесті

  • 144
  • UPD: 20:42, 11.09.2020

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев Маңғыстау өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, «Ұлттық құндылықтар – ұлттық дамудың негізі» тақырыбында пікір алмасты.

«Ауыл» партиясы құндылықтарды дәріптеуде соңғы жылдары жүйелі жұмыс атқарып келеді. Алдағы уақытта бұл бағытта арнайы тұжырымдама дайындайды. «Маңызды құжатта шалғайдағы өңір тұрғындарының пікірі ескеріледі», – дейді партия басшысы.

Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен өңірдің тарихы тереңде жатыр. Көне жәдігерлерге бай аймақ жұртшылығы ата дәстүрді де берік ұстанады. «Ауыл» партиясы төрағасының ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған сапарын Маңғыстаудан бастауының бір себебі осында. Аймаққа белгілі ақын, жазушы мен драматург бас қосқан жиында «Ұлттың негізгі құндылығын ұрпақ бойына сіңіру үшін қайтпек керек?» деген тақырыпта пікір таластырды.

Әнуар Бимағамбет, ақын:

– Кез келген мемлекет өзінің ұлттық идеологиясын қалыптастыратын кезде міндетті түрде ұлттық құндылықтарға басымдық берілуі тиіс. Өйткені ұлттық құндылық – тәуелсіздік кепілі. Құндылықты сақтау дегеніміз не? Бұл айдаладағы құлпытас, балбалтастарды сақтап, суретке түсіріп қана қою емес. Ол – аталған құндылықтарды сақтай отырып, бүгінгі уақытпен шендесе өмір сүру. Міне, бұл тақырыпта «Ауыл» партиясы көрегендік танытып отыр деп есептеймін.

Ұлттық құндылықтардың өзегі ауылда жатыр. Оны дәріптеу мақсатында ұлт патриоттарының партиясы 4 жылдан бері «Ауыл – алтын тұғырым» атты әдеби онлайн-байқауын ұйымдастырып келеді. Биыл да келіп түскен шығармалардың арасынан үздік туындылар іріктеліп, «Алтын тұғыр» үш томдығы жарыққа шықты. Ауыл тақырыбындағы ең үздік туындылар жинағы республикалық және аймақтық кітапханаларға тегін таратылмақ. Ұлттық құндылықтардың сақталуына бастамашы болып жүрген партия бүгінде отбасылық құндылықтарға басымдық береді.

Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Мықты, рухани тұрғыдан рухымыз жоғары халық болайық десек, тәрбиені отбасынан, балалардан бастау керек. Балалардың тәрбиесі отбасынан басталуы керек. Қайбір халықты алсаңыз да, өзіне лайықты керемет отбасылық құндылықтары бар. Үлкенді сыйлау, ата-анаға құрмет көрсету, үйдегі қызды сыйлау, көршімен тату тұру, қонаққа аса құрмет көрсету деген сияқты құндылықтарымыз бар. Өмірге деген көзқарас, өмірге деген философияның барлығы осы отбасынан басталады.

Отбасылық құндылықтарды сақтау – тұтас ұлт болып шешетін мәселе. Сондықтан да партия төрағасы Әли Бектаев руханият пен мәдениетімізді насихаттап жүрген зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірінің маңызды екенін айтты. Ол болашақта жасалатын тұжырымдамаға тұздық болмақ.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы