429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда карантин режимі қашан енгізіледі?

  • 433
  • UPD: 23:03, 11.09.2020

Елімізде коронавирустан емделіп жатқандардың саны 30 мыңға жетсе, қайта карантин енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы арнайы брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі хабарлады. Індетке қатысты ахуал тұрақталды. Дегенмен, құзырлы ведомство вирустың келесі толқынына дайындықты бастап кеткен. Маусымдық инфекцияларға қарсы вакцина егу басталады. Бұл екпе кімдерге тегін немесе ақылы болады?

Қазіргі таңда 4596 науқас коронавирустан емделіп жатыр. Олардың ішінде 34 бала бар. Күн салқындаған сайын вирустың қайта өршу қаупі арта түсетіні белгілі. Жағдай ушығып, індеттің жаңа толқыны басталса, карантин қайта енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі осылай деді.

Бағдат Қожахметов, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

– Егер стационардағы жағдайы орташа ауыр және өте ауыр науқастардың саны 30 мыңға жетсе, онда карантин енгізілуі мүмкін.

Соңғы тәулікте Шымкентте коронавирус жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелмеді. Ал Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында бір-бір жағдайдан ғана анықталған. Бұл елімізде індетке байланысты ахуалының біршама тұрақтанғанын аңғартса керек. Алайда бұл «індетті жеңіп шықтық» дегенді білдірмейді. Сондықтан күн суытып, маусымдық инфекциялар өршитін мезгілде жағдайды уыстан шығарып алмау аса маңызды. Бұл ретте халықтың 10%-ы, яғни созылмалы ауруы бар балалар, жүкті әйелдер, қариялар мен медицина қызметкерлері вакцинаны тегін алады.

Жұмабек Бекенов, ҰДСО Жұқпалы инфекциялық аурулардың алдын алу департаментінің директоры:

– Вакцина өз есебімнен аламын деушілерге ақылы түрде ұйымдастырылады. Ол вакцинаны дайындаған елге байланысты. Жыл сайын Қазақстанға тасымалданып жүрген Францияның, Ресейдің вакциналары бар. «СК-Фармацияның» айтуы бойынша, олардың бағалары 2200 тг-ден 4500 тг-ге дейінгі аралықта.

Осыған дейін ауру белгілері барлар мен жоқтардың есебі жеке жүргізілетін. Науқастарды бұлай бөліп-жару мамандар үшін ыңғайлы болғанмен, қарапайым халықты шатастырады. Енді COVID-19 жұқтырғандардың статистикасы біріктіріліп беріледі. Соңғы мәліметке сәйкес, қыркүйектің басынан індеттің ілмегіне ілінгендердің саны 29-мыңға жуықтады.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы