420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық кәсіпкерлер бизнесті өзгерту арқылы табыс табуға көшті

  • 117
  • UPD: 13:46, 12.09.2020

Маңғыстаулық кәсіпкерлер қолданыстағы бизнесті өзгерту арқылы табыс табуға көшіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірі зәулім тойхана ғимаратының бір бөлігін қоғамдық тамақтану орнына айналдырған. Енді бірі нысан бөлмелеріне оқушы партасын қойып, білім беру мекемесімен келісімге отыруда. Осылайша, іскер орта өкілдері карантин уақытында қол қусырып отырмай, кәсіп жалғастырудың жаңа тәсілін тапқан.

Бұл мейрамхана Ақтауда орналасқан. Жаз айлары кәсіпкер ғимарат ішіне оқуға қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп, республикалық білім беру орталығымен келісімге отырған. Іскер әйел бұл әрекетке баруын карантин кезінде кәсіп жалғастырудың бір амалы екенін айтады. Бір жағынан «қазір той ойлап жүретін уақыт емес» деген Президент сөзі түрткі болса керек.

Балшекер Шағырова, кәсіпкер:

- Айтып отырғаны дұрыс. Той тойлайтын уақыт жетеді, ал уақыт өтіп бара жатыр. Сондықтан бүгінгі күні қалған күшімізді қоғамға пайдамыз тисін деген оймен білім ордасына беріп отырмын. Ішіне жарық, жабдық тазалық жұмыстарын өзіміз тексеріп, қарап беріп отырамыз.

Бірнеше қабатты мейрамхана бөлмелеріне парталар қойылып, қабырғасына тақта ілінген. Мұнда оқушылар өз білімін шыңдап, ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарына дайындық жүргізе алады. Сондай-ақ мұғалімдер үшін шеберлік арттыру сағаттары жүреді. Осы мақсатта Нұр-Сұлтан мен Алматыдан білікті мамандар шақыртылады. Мұндағы дәріс санитарлық талаптарды қатаң сақтай отыра жүргізіледі деп айтылды.

Аятжан Ахметжанұлы, білім беру орталығының басшысы:

- Білім іздеген қаншама балаға мүмкіндік береді. Бүкіл Қазақстанда қаншама тойхана, ойынхана, әр түрлі ойын-сауық орталықтары бар. Солардың бір 10-15 пайызы білім беру орындарына айналып жатса, біздегі үш ауысымды мектептердің жағдайы, апатты мектептердің жағдайы шешілетін еді деп ойлаймыз. 

Тойханадан білім беру орталығына айналған нысанда дәріс алуға 70-тен астам оқушы өтініш қалдырған көрінеді. Бұдан басқа Мұнайлы ауданында дәл осындай екі нысан қоғамдық тамақтану орны болып өзгеріп, жұмыс істеп тұр. Тек бизнес-объектінің нысаналы мақсатын өзгертуге жеке кәсіпкер қаншалықты құқылы? Өкінішке қарай, өңірлік кәсіпкерлік және сауда басқармасындағылар бұл сұраққа тұщымды жауап бере алмады.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы