428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысының Отырар ауданындағы егіс алқаптарының 30% тұз басып кеткен

  • 153
  • UPD: 15:08, 12.09.2020

Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін төмендетіп, диқандардың жұмысына кедергі келтіруде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жергілікті шаруалар топырақтың құнарлылығы төмен, өнім аз деп қарап отырған жоқ. Ғылыми зерттеу институтының ғалымдарымен бірге сортаң жерге дән егіп, одан мол өнім алудың жолын тауыпты.

Талапты елді мекенінің тұрғыны Марат Фазылбеков көп жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Өзінің 15 гектар егістік алқабы бар. Диқан соңғы 20-30 жылда топырақтың құнарлығы төмендеп, егістік жерлер сорлана бастағанын айтады. Соның салдарынан еккен дақылды өсіріп, күтіп-баптау қиынға соққан. Өнімділік те бірнеше есеге төмендепті. Бұл қиындықтан құтылу үшін жергілікті шаруалар ғалымдардың көмегіне жүгінген. Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп, тұзды жерге дақыл егіп, өнімділікті арттыру жобасын қолға алған.

Марат Фазылбеков, шаруа:

- Бұрын ЗПС 704 тұқымын егетін едік. Оның бойы пәс болатын, бір собықтан байлайтын. Ал қазіргі екі собықтан байлайды. Сосын бойы биік болады. Бұрын гектарына 40 центнерден өнім алсақ, енді қазіргі мынау жаңа технология бойынша 100 центнерден алып жатырмыз.

Сортаң жерге дақыл егіп, онысы дұрыс шықпай қиналған диқандардың көбі қазір осы әдісті қолға алуда. Қанатқақты жобаны аудан шаруалары ең алғаш осыдан 3 жыл бұрын ғалымдармен бірлесіп, сынақтан өткізген. Бүгінде 1500 гектардан астам жері бар, 90-ға жуық шаруашылық осы жобаның игілігін көріп отыр. Жаңа тәсіл тұзды топыраққа себілген өсімдік дәнінің күйіп кетпей, толық өсіп шығуын қамтамасыз етеді.

Мақсат Нұрбайұлы, қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

- Жүгері тұқымын препаратпен өңдеу, өсіп шыққан соң 3-5 жапырақ кезінде препаратпен үсінен бүрку жұмыстары жасалады. Азғантай мөлшерде тұз болғанның өзінде әрі қарай өсуіне әсер етіп, ол өспей қалады. Жаңа технология тұқымды өңдеп, күрделі кезеңнен өтіп кетуіне көмектеседі. Тамыры жақсы дамыған өсімдік мол өнім береді.

Айта кетейік, жаңа жоба топырақты тұздан қорғамайды, тек тұқымның өсіп шығуы мен өнімділікті арттыруға сеп болады. Ал тұздануға қарсы күрестің негізгі әдісі - топырақтың үнемі шайылуы. Бұрын мұнда да сор шаюға арналған гидротехникалық құрылымдар мен суағарлар болған. Бірақ ол жерлердің барлығы тәуелсіздік жылдары жекенің қолына өтіп, әлде қашан бітеліп, қараусыз қалған.

Батырбек Сыздық, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бізде 1976 жылдары осы жерлерді көлденең дренаждар жұмыс істеген. Жалпы ұзындығы 368 шақырымды құрайды. Ол жерасты суларын сорып, 55 шақырымдық бас колектор арқылы Талдыөзек деген саймен Сырдария өзеніне құйып жіберетін жоба болған. Бұл жоба қазір енді 368 көлденең дренаждардың бәрі «Қазсушар» мекеменінің теңгеріміне өткізілген. Қазір осыған жоба жасалынып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып қойды. Қазір еуропалық банк арқылы қаржы қарастырылып, бұрынғы жүйені қайта қалпына келтіру мақсатында жұмыс істеліп жатыр.

Мамандар ғылыми негізде есептелінген гидротехникалық құрылымдар жоғары өнім алуға септігін тигізетінін айтады. Бүгінде Отырар ауданында 33 мың гектар суармалы жер бар. Аталған жоба толық іске асқанда өнімділік екі есеге дейін артпақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы