429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте жылу беру маусымына дайындық басталды

  • 134
  • UPD: 22:27, 12.09.2020

Шымкентте жылу беру маусымына дайындық басталып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең алдымен газдан улануға қатысты оқыс оқиғаларды болдырмас үшін түрлі іс-шаралар  қолға алынды. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов мәлімдеді. Осыған орай шаһарда өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп жатыр. «Қыс мезгілінің қауіпсіз өтуі тұрғындардың өз қолында», дейді мамандар.

Сала мамандарының пікіріне сүйенсек, өрттің 70%-і жеке сектордағы үйлерде кездеседі. Жыл басынан бері тұрмыстық газ құрылғыларын пайдаланғанда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 6 оқиға тіркеліпті. Табиғи газдан 7 адам уланып қайтыс болған. Ендігі жерде қайғылы жағдайды болдырмас үшін сала мамандары қыстың қамына жер қарада кіріскен.

Нұрболат Дербісов, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Қазіргі таңда «Өрт қауіпсіздік айлығы» аясында күнделікті тұрғын жайларды аралау мен халықтың арасында жиындар өткізіліп, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтер күшейтілуде. Сонымен бірге, демалыс күндері азаматтардың көпшілігінің үйде болуын ескере отырып, департаменттің барлық жеке құрамы өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша аулаларды аралау жүргізілуде.

Әрдайым кез келген төтенше жағдайларға қарсы тұратын мамандар шара барысында тұрғындарға жадынамаларды таратып қана қоймай, көмек көрсетуді де ұйғарыпты. Олар әуелі үйлердің шатырына шығып, кейбір мұржаларды тазалады. Сосын үй ішіне кіріп, пештерін тексерді. Тұрғындарға ақауы бар жылыту құралдарын, электр қондырғыларын пайдалануға болмайтындығын ескертті.

Нұрболат Дербісов, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу жұмыстары жалғасуда және ведомствоның ерекше бақылауында. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қала азаматтарынан мыналарды сұраймын. Күзгі суықтың басталуына байланысты жылу беру маусымында тұрғындарды пеш жабдықтарын алдын ала дайындауға шақырамыз.

«Халықтың осал топтары да ұдайы назарда», - дейді мамандар. Оларға тұрғылықты жері бойынша өртке қарсы насихат жүргізіледі. Негізінен Шымкентте өрт жағдайы өткен жылмен салыстырғанда 15,2%-ке төмендеген. Жыл басынан бері 128 өрт оқиғасы тіркелген.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы