424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отырар ауданының жастары жалғызбасты анаға баспана салып берді

  • 106
  • UPD: 10:50, 13.09.2020

Түркістан облысы, Отырар ауданының ерікті жастары жалғызбасты анаға баспана салып берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көксарай ауылының тұрғыны ұзақ жылдар бойы тозығы жеткен ескі үйде тұрған. Ауыл жастары бірігіп, қиындыққа тап болған кейуанаға қол ұшын созды.

Көксарай ауылының тұрғыны Есенкүл Әлібаева шағын ғана ескі үйде 40 жылға жуық тұрған. Баспананы күйеуі өз қолымен тұрғызыпты. Осы үйде бес қызын дүниеге әкеліп, барлығын құтты орнына қондырған. Өмір бойы трактор жүргізген жолдасы осыдан он шақты жыл бұрын дүние салыпты. Жалғызбасты анаға қыздары келіп, көмектесіп тұрады. Алайда жаңа үй салып беруге жағдайлары келмейді.

Есенкүл Әлібаева, Көксарай ауылының тұрғыны:

– Уақытында жүре беріппіз. Үй салу деген болмаған ба, білмеймін. Енді мынадай заманға тірелгенде, үй керек болды. «Әрі қарай не болар екен?» деп ойланып жүргенде, бір күні кірпіш келді, содан соң ағаш келді.

Есенкүл апайдың жағдайда қалғанын білген 1995 жылы туған ауыл жастары бірігіп, жаңа баспананың іргетасын құйып берген. Сосын эстафетаны ағалары мен інілеріне жолдапты.

«Көксарай ауылында Есенкүл апамызға арналған үйдің іргетасын тұрғыздық. Оны әрі қарай жалғастыруды 1996 жылы туған інілерімізге, 1994 жылғы ағаларымызға жолдаймыз».

Бұл ерекше бастамаға барлық ауыл жастары үн қосты. 1982 мен 1998 жылғы ауыл жастары қаржы жинап, тығырыққа тірелген ауылдастарына жаңа баспана салып берді. Осылайша ұйымшыл жастар қамкөңіл бір отбасына қуаныш сыйлады.

Дархан Қайназарұлы, Көксарай ауылының тұрғыны:

– Адамдардың көпшілігі, әсіресе жастар құмарлықпен көкпар, футбол өткізгіш болып кетті. Жастарды осындай жақсы істерге баулу мақсатында осы жобаны бастаған болатынбыз. Әр жылғылардан 30-40 азамат бар. Олар 3-4-5 мыңнан жиналып, кейбірі 200-300 мыңнан берді. 4 млн-нан аса ақша жиналды. Сол қаражатқа осы үйді тұрғыздық.

Биыл Түркістан облысында «Қамқорлық» бағдарламасы жүзеге асты. Соның нәтижесінде демеушілердің көмегімен бір ғана Отырар ауданының өзінде аз қамтылған 10 отбасы баспаналы болды. Тағы екі тозығы жеткен баспана күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы