426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеудегі қазақ отбасы алғашқы гастрөлді туған жерде өткізуді армандайды

  • 131
  • UPD: 11:30, 13.09.2020

Мәскеудегі көпбалалы қазақ отбасын «Гнесиндер атындағы музыка академиясының бөлімі» деп атауға болар.

Талғат Хасенов пен Гүлчачак Галямованың туған жері – Қазақстан. Ресей астанасына 20 жыл бұрын қоныс аударған жанұя қазақ музыкасы мен мәдениетін дәріптеп, таратумен айналысады. Бұл – 30 жыл бойы өнерді бірге арқалап, тату тірлігі жарасым тапқан қазақ отбасы.

Талғат Хасенов пен Гүлчачак Галямованың үйінде қазақ, башқұрт, моңғол сыбызғылары, ирланд волынкасы сынды алуан түрлі музыкалық аспапты көруге болады. Талғат – музыканы көркемдеуші әрі композитор, пианино, сыбызғы, гитара сынды түрлі аспапта тамылжытып ойнайтын музыкалық продюсер. Ол ресейлік және шетелдік әртістер қатысқан түрлі жобаға атсалысып келеді. Жұбайы Гүльчачак Галимова – әнші. Екеуі бірлесіп, түркі халықтарының музыкасын, оның ішінде қазақ әндерін дәріптеумен айналысатын «Этно-саунд» атты топ құрған.

Талғат пен Гульчачактың 4 баласы бар. Үлкен қызы Нүрия – сыбызғышы. Цюрихте оқиды. Ұлдары Аяз бен Идель дауылпазда ойнайды. Музыканы жазумен де айналысады. Кенжелері Таннұр виолончельді таңдаған. Қазір Гнесиндер атындағы академияға қарасты арнайы мектепте білім алып жатыр. Осыдан болар, бұл қазақ отбасын «Гнесиндер филиалы» деп те атайды. Ата-аналары балаларына білгенін үйретуден жалыққан емес. Музыкаға деген әуестікті бойларына кішкентайынан сіңірген.

Гүлчачак Галямова, әнші:

– Балаларымыз дүниеге келгенде әрқайсысын сынайтын едім. Ән айтсам, қосылып үн шығарады. Дауысымды жоғары көтерсем, ол да көтереді. Төмендетсем, ол да соңымнан ереді. Бұл баланың музыкаға дарыны бар екендігін көрсетеді. Музыка арқылы халықтың көңілі көтеріледі. Қазақ тілін ән айту арқылы оңай меңгердім.

Талғат пен Гульчачактың отау құрғанына 30 жыл. Олар 20 жылдан бері Мәскеуде тұрып жатыр. Алайда Отанымен байланысын үзген жоқ.

Талғат Хасенов, музыкант:

– Отбасында өзара түсіністік болу керек әрі бір-бірін қадірлеген абзал. Әр адамның өз кемшіліктері болады. Қажет кезде оны байқамай өту қажет. Кешірімді болу керек. Жанұяның негізі осы деп ойлаймын. Әрине, ең бастысы – махаббат, онсыз болмайды. Мен әйелімді өз анамдай қадірлеймін. Балаларымды да осылай тәрбиелеуге тырысып келемін.

Гүлчачак Галямова, әнші:

– Отбасы деген ұғым бүкіл қиындықтарды бірге еңсеру деп білемін. Қазақстанда солай ғой. Бір нәрсе болып қалса, бәрі бірден көмекке келеді. Қуанышта да, қайғыда да ортақпыз. Үнемі осылай.

Хасеновтердің өмірі Нұр-Сұлтан, Қазан және Мәскеу – осы үш шаһармен тығыз байланысты. Олар бүкіл отбасы мүшелерінің қатысуымен музыкалық жоба құруды да жоспарлап қойған. Ал алғашқы гастрөлді туған жерде өткізуді армандайды.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы